Қазақстанның жұптық сындағы үздік теннисшісі Анна Данилина "Ролан Гаррос" турниріндегі жеңісті жолын жалғастырып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Vesti.kz-ке сілтеме жасап.
Екінші айналымда қазақстандық спортшы сербиялық Александра Круничпен бірге Аустралия өкілі Майя Джойнт пен бельгиялық Хенне Вандевинкель жұбын 6:2, 6:3 есебімен жеңді.
Кездесу 1 сағат 10 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде қазақстандық-сербиялық жұп үш эйс жасап, бір рет қос қателікке жол берді. Ал қарсыластары эйс орындай алмады және алты рет қос қателік жіберді.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
31 мамыр күні өтетін 1/8 финалда Данилина мен Крунич украиналық Даяна Ястремская және Ангелина Калинина жұбымен кездеседі.
Айта кетейік, Данилина әйелдер жұбынан бөлек, аралас жұп сынында да жарысты жалғастырып жатыр. Сенбі күні ол америкалық Джей-Джей Трэйсимен бірге үшінші айналым жолдамасы үшін кортқа шығады.
Анна Данилина – Парижде 24 мамыр мен 7 маусым аралығында өтіп жатқан биылғы "Ролан Гаррос" турнирінде Қазақстан атынан жарыс жолында қалған соңғы спортшы.
Бұған дейін ол Париждегі "Үлкен дулыға" турнирінің жұптық сынындағы алғашқы кездесуінде чехиялық Малечкова/Скоч жұбын сенімді түрде жеңген еді.
Еске салайық, Данилина дәл осы Александра Круничпен бірге Australian Open – 2026 турнирінің финалына дейін жеткен. Аустралиядағы сәтті өнерінен кейін бұл жұп Дохадағы турнирде топ жарып, Дубайда жартылай финалға шықты және Индиан-Уэллс финалына дейін жетті. Алайда Майамидегі жарыстың алғашқы айналымынан кейін Данилина мен Крунич біраз уақыт бөлек серіктестермен өнер көрсеткен болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек