- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркия теракт
Анкарадағы теракт: зардап шеккендер мен қаза тапқандар арасында қазақстандықтар бар ма?
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Түркиядағы терактіде зардап шеккен немесе қаза тапқан Қазақстан азаматтары бар-жоғын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министрліктің жауабына сүйенсек, қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ.
Анкарада не болды?
Еске салайық, 23 қазанда жергілікті уақыт бойынша сағат 15:30 шамасында Анкарада түрік аэроғарыш компаниясы TUSAŞ зауытының орнында теракт болғаны хабарланды. Ақпаратты X әлеуметтік желісіндегі парақшасында осы елдің ішкі істер министрі Али Ерликая растады.
Анкара Бас прокуратурасы лаңкестік әрекетке қатысты тергеу жұмыстарын бастады.
Қанша адам зардап шекті?
Кейінірек Түркияның астанасында болған теракт туралы жаңа деректер жарияланды.
"4 адам қаза тауып, 14 адам жараланды. Бұл жантүршігерлік лаңкестік әрекетті айыптаймын", - деді Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Анкара қаласының маңындағы TUSAŞ аэроғарыш корпорациясының ғимаратына жасалған лаңкестік шабуыл салдарынан бірнеше адам қаза табуына байланысты Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға көңіл айтты.
"Суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Қазақстан бейбіт тұрғындарға қарсы қастандық әрекетті қатаң айыптайды. Осындай ауыр сәтте сізге және барша түрік халқына, сондай-ақ қайтыс болған азаматтардың жақын туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Марқұмдардың жаны жаннатта болсын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін", - деп жазылған жеделхатта.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова