- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Анкарада Ахмет Байтұрсынұлының...
Анкарада Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіші мен саябағы ашылды
29 желтоқсанда Қазақстанның Тәуелсіздік күні мен қазақтың белгілі ағартушысы, түркітанушы-ғалым, көрнекті мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай Анкарада Ұлт ұстазының ескерткіші мен парк салтанатты түрде ашылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ескерткіш Анкарада Етимесгут ауданы, Бағлыджа шағынауданында бой көтерді.
Бұл шараға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сәпиев, Етимесгут муниципалитетінің мэрі Енвер Демирел, Астана әкімінің орынбасары Есет Байкен, Түркия Сыртқы істер министрлігінің өкілі Хасан Баджаджы, Анкарадағы түркітілдес елшіліктердің өкілдері, ТҮРКСОЙ өкілдері, YDA холдинг басқарма төрағасы Хусейн Арслан, Қазақстан мәдениет және сауда орталығының төрағасы Ғанимет Қайсарұлы қатысты.
Фото: Салтанат Ұзақбайқызы
Алқалы жиында сөз сөйлеген Елші Еркебұлан Сәпиев Қазақстанның Тәуелсіздік күні мен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы саябақ пен ескерткіштің ашылуына үлес қосқандарға алғысын білдіре отырып, 1991 жылы 16 желтоқсанда бауырлас Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындағанын және Қазақстанның шетелдегі алғашқы елшілігі Түркияда ашылғанын айтты. Сонымен қатар, ол биыл Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен құттықтады.
Фото: Салтанат Ұзақбайқызы
Етимесгут муниципалитетінің төрағасы Енвер Демирел Түркі әлеміне еңбегі сіңген ұлы тұлға, ғалым және түрколог Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойына орай, Ұлт ұстазына арналған ескерткіш пен парктің ашылу салтанатын өткізу муниципалитет үшін үлкен мәртебе екенін айтты. Болашақта екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайтатын игі бастамалардың жалғасын табатынына сенімін білдірді.
Ескерткіш авторлары - мүсіншілер Айдос Бүркітбаев және Тимур Ермұхаметов.
Фото: Салтанат Ұзақбайқызы
Жалпы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы парктің аумағы - 8 мың шаршы метр. Парктің ішіне 150 түрлі ағаш отырғызылған және спорт алаңдары белгіленген. Қола және граниттен жасалған ескерткіш биіктігі - 4 метр, ал мүсін - 3 метр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек