- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ангинаны емдеуде жіберілетін...
Ангинаны емдеуде жіберілетін 5 қателік
Angina pharyngis немесе ангина (жедел тонзиллит) жоғары тыныс алу жолдарының кең тараған ауруы. Бұл қабыну процесі бадамша безбен байланысты. Асқындырып алмас үшін ангинаны емдеуде қандай қателіктер жібермеу керек?
Ангина жиі бас ауыруы, температураның көтерілуі, жалпы әлсіздік, тәбеттің болмауы және таңдай бездерінің қабынуымен бірге жүреді. Яғни, таңдай бездері ісіп кетеді, қызарады және оның беті ағарып тұрады. Десе де, өзіңізден бұл белгілерін байқасаңыз да, өздігінше диагноз қоюға болмайды. Себебі ангина белгілері дифтерия және басқа да қауіпті аурулардың белгілеріне ұқсайды. Ал олар әртүрлі жолмен емделеді. Сондықтан дәрігерге қаралып, нақты диагноз бен ем алу қажет.
Көпшілік ангинаны өздігінен емдеуде мынадай қателіктер жібереді:
1. Төсек режимін сақтамайды
Тамағыңыз ауырып тұрса да, температура қатты жоғары еместігін себеп етіп, жұмысқа бара бересіз. Алайда олай істеу қауіпті. Біріншіден, ауруды жұқтырып алуы мүмкін әріптестеріңізді ойлаңыз. Екіншіден, ауруды асқындырып, өзіңізге зиянын тигізесіз. Бактерияларға қарсы тұру үшін иммунды жүйеге күш керек. Емделмесеңіз, микробтар белсенді көбейе бастайды. Содан соң бактериялар көмекей бездердің шегінен шығып, қанмен бірге төмен түсе бастайды. Ол жүрек, бүйрек және буындар ауруларының пайда болу қаупін төндіреді.
2. Бал немесе тосап қосылған ыстық шай ішеді
Бал мен тосап секілді тәтті өнімдер - бактериялар үшін қолайлы орта. Ангина кезінде тәтті жемеуге тырысыңыз. Ол оны одан сайын асқындырып жібереді.
3. Антибиотик ішуден бас тартады
Көп жағдайда ангина бактериялармен шақырылады. Бұл жағдайда оны міндетті түрде антибиотиктермен емдеу қажет. Алайда антибиотикті өз бетімен ішу қауіпті, оны тек дәрігер жазып бере алады.
4. Тамақты жылы етіп орап тастайды
Тамаққа жылы шарф орап тастау органға қан құйылуын арттырады, сондықтан ол одан сайын ісіп кетеді. Сол үшін ангина кезінде тамақты жылы етіп орап тастаудың қажеті жоқ.
5. Қышқыл сусындар мен тамақтар жейді
Ангина кезінде тамақтың шырышты қабығын тітіркендіретін кез келген тағамнан бас тарту керек. Мысалы, лимон қосылған шай мен мүкжидек морсын ішпеңіз. Сондай-ақ қышқыл өнімдерден бас тартыңыз.
Ангина белгілері сізді жиі мазаламас үшін оны алдын алу жолдарын білген жөн. Олардың негізгілеріне тоқталайық:
- Гигиена сақтау. Жеке сүлгі және ыдыс-аяқ қолдануға тырысыңыз;
- Дұрыс тамақтану. Дәрумендерге толы өнімдер жеңіз;
- Гайморит, ринит, тісжегі секілді ауруларды уақытында емдеу.
- Ағзаны шынықтыру. Кішкентай кезден бастап шыныққан жақсы. Бірақ ол ешқашан кеш емес. Жүзуге барыңыз, қарама-қарсы душ қабылдаңыз және жазда жиі жалаң аяқ жүруге тырысыңыз;
- Иммунды жүйені қатайту. Спортпен айналысыңыз, таза ауада жиі жүріңіз.
Оқи отырыңыз: Тұмау кезінде не істеуге болмайды?
А. Жапатова