Алматыдағы №36 қалалық емхананың бас дәрігері Гүлжайнат Тілеген амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тәртібі жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дәрігердің айтуынша, диспансерлік есепте тұрған, белгілі бір сырқат түрлерімен ауыратын науқастар амбулатория деңгейінде дәрімен қамтамасыз етіледі. Дәрі-дәрмек кепілдендірілген тегін медициналық көмек және МӘМС пакеттері шеңберінде беріледі.
"Мысалы, анемияға шалдыққан репродуктивті жастағы әйелдерге темір препараттары беріледі. "Атеросклероз" диагнозымен тіркеуде тұрған пациенттер антикоагулянттар ала алады", - дейді Гүлжайнат Тілеген.
Сонымен қатар, психикалық немесе мінез-құлықтағы ауытқушылықтармен тіркеуде тұрғандар, ағза алмастырған пациенттер және т.б азаматтар дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етіледі.
"Дәріні алу үшін емханадағы учаскелік дәрігерге бару қажет. Дәрігер рецепт жазып береді. Содан соң дәріні арнайы дәріханадан аласыз. Ол үшін міндетті түрде жеке куәлік талап етіледі", - деді дәрігер.
Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының мәліметінше, 2023 жылы 23 млрд теңгенің дәрі-дәрмегін сатып алу жоспарланған, дәрілік заттар жыл басынан бері бекітілген кесте бойынша жеткізіліп жатыр.
"Биылғы жылдың І тоқсанында 9,5 млрд теңгенің дәрісі мен медициналық мақсаттағы бұйымдар жеткізілді. Тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде – 400 мыңнан астам пациент дәрімен қамтамасыз етілді. МӘМС пакеті бойынша – 65 мыңнан астам ересек пен 6 мыңнан астам балаға дәрі берілді", - дейді филиал директоры Тілеухан Әбілдаев.
Жалпы, пациенттер тегін дәрі-дәрмекке қатысты мәліметті "СК-Фармация" ЖШС-нің 1439 байланыс орталығы арқылы біле алады. Қоңырау шалу тегін.
Амбулаторлық деңгейде берілетін тегін дәрі-дәрмек тізімімен ҚР ДСМ-нің №75 бұйрығы арқылы танысуға болады.