- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әнді қойып, циркке...
Әнді қойып, циркке кетті: Жеңіс Сейдоллаұлы жаңа қызметі жайлы
Әнші, композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы жаңа қызметке орналасып, шығармашылыққа уақыт таппай қалғанын айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол бұл туралы "1001 түн" бағдарламасында журналистерге берген сұхбатында баяндап берді.
Көпшіліктің көкейінде жүрген "көрінбей кетті, қайда жүр екен?" деген сауалға өнер иесі жауап беріп, Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде басшылық қызметте, яғни директор екенін айтты.
"Шығармашылықпен айналысуға уақыт аз. 9-сынып бітіріп, оқуға келген балалардың болашағы үшін, оларға сапалы білім беру үшін жұмыс істеп жүрмін. Осы эфирді пайдаланып, ұстаздар қауымына алғыс айтқым келеді. Қазіргі жастарды біздің кездегілермен салыстыруға болмайды. Жалпы, жақсы негізі. Бірақ басқаша ойлайды. Креатив көп. Біз сияқты педагогтың алдында тік қарап, түзу жүрмейді. Біз мұғалім не айтса, соны істейтін едік. Қазіргі жастар өз ойын көбірек ортаға салғысы келеді. Маған бұл нәрсе ұнайды", – деді колледж директоры.
Жеңіс Сейдоллаұлының айтуынша, колледжде тек циркте өнер көрсететін мамандар емес, эстрада әншілері, бишілер мен халық әншілері, халық аспаптарын меңгерген мамандар дайындалады екен. Сондықтан жеке шығармашылықпен айналысуға, ән жазып, сахнаға шығуға уақыт табыла бермейді екен.
Еске салайық, танымал әнші Жеңіс Сейдоллаұлы – Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжінің директоры қызметіне 2022 жылы сәуір айында тағайындалған болатын. Бұл оның алғашқы басшылық қызметі емес. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері 2016-2018 жылдары Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының директоры, 2018 жылдан бастап 2022 жылға дейін "Қазақконцерт" ұйымын басқарған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Д. Ибраева