Қарағанды облысында далада адасып кеткен 13 жастағы баланы табуға көмектескен ерікті марапатталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
2 сәуірде полицияға Абай қаласында достарымен серуендеуге шыққан оқушы Бейбарыс Рыс жоғалғаны туралы арыз түскен. Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратына сүйенсек, еріктілер баланы Абай қаласынан 15 шақырым қашықтағы даладан тапқан.
"Алдын ала мәлімет бойынша жасөспірім достарымен бірге Абай қаласынан Қарабас кенті бағытына жаяу шыққан. Қарабас кентіндегі теміржол өткелі маңында балалар екіге бөлініп, екі жасөспірім үйлеріне өздері қайтқан. Туыстарының сөзінше, бала соңғы рет шамамен сағат 20:00-де анасына хабарласып, бағдарынан адасып қалғанын айтқан", - деп жазылған бұған дейінгі ТЖМ хабарламасында.
Баланы тапқан батыр
18 жастағы Әділжан Дәуренбеков - Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ Инновациялық технологиялар колледжінің бірінші курс студенті. Ол Бейбарыс жоғалып кеткенін естіп, басқа еріктілермен бірге іздестіру жұмыстарына аттанған.
Tengrinews.kz
Әділжан Дәуренбеков көмекке 2 сәуірде мотоциклімен шыққан. Ол баланы Дубовка кенті маңынан кезіктірген. Кейінірек Бейбарыс бағытынан жаңылып, түнді далада өткізгені, қар суын ішіп, үсіп қалмау үшін сағат сайын оянып отырғаны белгілі болды.
3 сәуірде Теміртауда халыққа есеп беру кезінде Қарағанды облыстық Полиция департаментінің бастығы жоғалған оқушыны іздеуге атсалысқан еріктілердің еңбегі туралы айтып, Әділжан Дәуренбековке Алғыс хат табыс етті.
Tengrinews.kz
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова