“Анашым, көмектесші“. Қарағанды облысында жоғалған бала табылды

Қарағанды облысында жоғалған 13 жастағы Рыс Бейбарыс Бекнұрұлы аман-есен табылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, қазір оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратына сүйенсек, мобильді топтар баланы Абай қаласынан 15 шақырым қашықтағы даладан тапқан. Оған медициналық көмек қажет болмаған.

"Алдын ала мәлімет бойынша жасөспірім достарымен бірге Абай қаласынан Қарабас кенті бағытына жаяу шыққан. Қарабас кентіндегі теміржол өткелі маңында балалар екіге бөлініп, екі жасөспірім үйлеріне өздері қайтқан. Туыстарының сөзінше, бала соңғы рет шамамен сағат 20:00-де анасына хабарласып, бағдарынан адасып қалғанын айтқан", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысында 13 жастағы жасөспірім із-түссіз жоғалып кеткені хабарланды. Ол 1 сәуірде үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!