"Анар шырыны гемоглобинді көтереді" деген түсінік ел аузында тараған танымал пікір. Алайда, интегративті педиатр Сұлушаш Қожабайқызының айтуынша, анар шырыны гемоглобинді көтере алмайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дәрігер сөзінше, гемоглобинді тек құрамында гемді темірі бар өнімдер көтере алады.
"Анардың құрамындағы темір гемді емес. Гемді емес темір ішекте 5-10 пайыз ғана сіңіріледі, ал бұл анемияны емдеу үшін жеткіліксіз. Сол себепті анар шырыны гемоглобинді көтере алмайды", - деп түсіндірді маман.
Сонымен, анар шырыны туралы біз шындық деп санайтын 3 қате түсінік
Гемоглобинді көтереді
Сонымен қатар, бір стақан анар шырынында тек 0,25 миллиграмм темір бар, ал темір деңгейін көтеру үшін күніне 8-ден 27 миллиграммға дейін ішу керек. Яғни, ағзада темірдің қалыпты деңгейін ұстап тұру үшін күніне кемінде 2 литр анар шырынын ішуге тура келеді. Бұл сусынның құрамында қант көп болғандықтан, оны мұндай мөлшерде ішу қауіпті.
Тек пайдасы тиеді
Анар шырынында пайдалы дәрумен, микроэлемент және антиоксиданттың көп мөлшері бар. Шындығында, анардың өзінде иммунитетті нығайтатын, жасушаның қартаюымен күресетін көптеген пайдалы зат бар. Сондай-ақ, оның 100 грамм тұқымында К дәруменінің тәуліктік мөлшерінің 21 пайызы, С дәруменінің 17 пайызы және талшықтың 16 пайызы бар. Алайда, анар шырыны мұндай артықшылықтарға ие емес. Біріншіден, шырынның құрамындағы дәрумендер айтарлықтай аз, екіншіден, бұл сусын 14 пайыз қанттан тұрады. Демек, ол пайдадан гөрі көп зиян тигізеді.
Кез келген уақытта ішуге болады
Анар шырынын аш қарынға ішуге болмайды. Біріншіден, ол қандағы глюкозаны едәуір арттырады, екіншіден, қышқылдығы жоғары және құрамындағы таниннің әсерінен анар шырыны қыжыл тудырады.
Анар шырыны қандай жағдайда зиян болуы мүмкін?
Анар шырынын шамадан тыс тұтыну адам ағзасына зиян тигізуі мүмкін. Ол қан қысымын жоғарылатып, бас айналу, көру қабілетінің нашарлауы, іш қату, колит, гастрит немесе жараның созылмалы түрден өткір түрге өтуіне әкеп соқтыруы ықтимал. Сондықтан анар шырынының қауіпсіз тәуліктік мөлшері 200-250 мл, яғни бір стақан.
Кейбір аурумен ауыратындарға ішуге болмайды, олар іш қатуға бейімділік, артериялық гипертензия, көтеудің (геморрой) өршіген түрі, тітіркенген ішек синдромы, өткір фазадағы өт қабы мен ұйқы безі аурулары, асқазан жарасы, гастриттің өршіген түрі, ішектің инфекциялық этиологиясының бұзылуы, ішек өтімсіздігі және панкреатит.
Анар шырыны, грейпфрут шырыны сияқты, қандағы холестеринді төмендету үшін тағайындалған статин сияқты кейбір дәрі-дәрмектердің әсерін күшейтуі мүмкін. Мұндай дәрі-дәрмектерді жүйелі түрде қабылдайтындар дәрігермен өнімнің жеміс шырындарымен үйлесімділігін талқылауы керек.
Айта кетейік, бұған дейін анарды балаға қай жастан бастап беруге болатыны хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Қақыра деген не?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!