Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында жас жігіт анасы үшін елден көмек сұрады. Оның айтуынша, әкесі мас болып келіп, анасын соққыға жығады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жігіттің айтуынша, ол басқа қалада жүргенінде әкесі анасын аяусыз ұрып тастаған.
"Маған, анама көмек керек. Анамның құқығын қорғауға көмектесіңіздер. Әкем ішіп алып анамды түн ортасында қуалап сабап, мүгедек қылуға дейін апарған. Бала кезімде мені аямай ұрып, психологиялық соққы жасаған. Бала үшін анадан артық адам жоқ. Әкенің жақсылығы жездедей-ақ. Мұндай әкенің барынан жоғы. Бала күнімде анам екеуімізді кезек-кезегімен ұратын. Жасы елуге келсе де анамды ұруын тоқтатар емес.
Әкем лайықты жазасын алса екен. Полицияға тапсырғанымызбен екі сағаттан кейін, ешнәрсе болмаған сияқты босатып жібереді", - дейді ол Instagrаm желісіндегі Abdulla_kz парақшасында.
Ол Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданынының полициясына арыз жазғанын, бірақ полиция қызметкерлері адамды ұрып-соққаны үшін соттамайтынын айтты.
"Адамды ұрып-соққанда жарақаты қаншалықты ауыр болады, сол кезде ғана жазасы қатты болады. Ал жай ұрса, жазасы да жеңіл болады екен. Мені осылай деп шығарып салды. Мұнайлы ауданының соты ешқандай жұмыс істемейді.
Қазір жұмысыммен басқа қалаға кетіп қалсам, анамды ұрып, өлтіріп тастай ма деп қорқамын. Мақсатым – әкемді түрмеге қамату. Себебі, ол лайықты жазасын алуы керек. Мұндай тирандарды қоғамнан ажырату қажет. Ол бізбен ғана көшеде кетіп бара жатқандармен де, көршілерімізбен де қырылған. Анамды түнде тұншықтырып, өлтіріп тастауға дейін барды. Таңертең әкем ешнәрсе білмеймін, есімді білмеймін деп кешірім сұрап отыр", - дейді жас жігіт.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!