- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Анамды жер қойнына...
"Анамды жер қойнына тапсырғанда да ештеңені сезінбедім". Әнші Ғаділбек Жаңай ешкімге айтпаған құпиясын бөлісті
Әнші Ғаділбек Жаңай өзінің анасынан қалай айырылып қалғаны туралы әңгімеледі. Бұл туралы өнер иесі Bars подкастына берген сұхбатта айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әншінің анасының дүниеден өткеніне 17 жылға жуықтаған.
"Ауыл жақтан суық хабар келетінін сезіп жүрдім. Құдай сездіреді екен. Шешем дүниеден өтерін маған сездірді. 2007 жыл болатын. Алматыда пәтер жалдап тұрамын. Ұйқыдан өте жаман күйде ояндым. Еш жерім ауырып жатқан жоқ. Бір кезде "қазір телефонға біреу қоңырау шалады. Ол адам жаман хабар айтады" деген ой келді. Сол ой бір-екі минут өтпей шындыққа айналды. Телефон шырылдайды. Ауылдан немере ағам хабарласып жатыр. Бір соққанда алмадым. Өзімнің ойыммен арпалысып жатырмын. Екінші рет хабарласқанда тұтқаны көтердім. Дауысы бәрі бұрынғы, аман-саулық сұрастық. Бір кезде "анаң сырқаттанып жатыр, ауылға кеп қайт" деді. Содан кейін бәрі түсінікті болды", – дейді әнші.
Сондай-ақ әнші анасының қазасынан кейін көпке дейін өз-өзіне келе алмағанын жеткізді.
"Ең қызығы өзім әлі күнге дейін таңғаламын. Алматыдан шығып, ауылға барған аралықтағы кіммен кездескенім, кімге барғаным ешқайсысы есімде жоқ. Немере ағаммен сөйлескеннен кейін нағашы ағам Болаттың үйіне жаяу барыппын. Әуежайға Ақылбек Жеменей досым шығарып салыпты. Ақтаудағы достарым күтіп алған. Солардың машинасымен ауылға барғанмын. Олардың біреуі де есімде жоқ. Ауылға кірген сәтім ғана есімде. Сайдан шыққаннан кейін біздің үй көрінеді. Жанына киіз үй тігіп қойыпты. Мамыр айында ешкім киіз үйде отырмайды. Жазға қарай тігетін. Сол кезде ғана анамнан айырылғанымды түсіндім. Батыста қайтыс болғаннан кейін қарасы, жетісі, қырқы, жүзі деп бүкіл садақасын береді. Анамды жер қойнына тапсырғанда да ештеңені сезінбедім. Бір аптадан кейін ғана бүкіл эмоциям шықты. Оған дейін апаларым жоқтау айтып жылап жатса да, эмоцияды шығара алмадым. Бүкілі бір аптадан кейін басталды. 40 жасыма дейін ондай күй кешпеппін. Шешеден айырылу өте қиын екен", – дейді Ғаділбек Жаңай.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Е. Ерболұлы