Алматы облысы Қараой ауылы тұрғындарының көгілдір отынға көңілдері толмайды. Олардың айтуынша, үйлеріне келген газ құбырлары бітеліп қала береді екен. Салдарынан газдың қысымы бәсеңдеп, қақаған суықта жылусыз қалған күндері де болыпты. Ал қара күйемен бітелген құбырларды тазалату үшін бұқара кемі 10 мың теңге төлеуі тиіс. Ауыл тұрғындары бұл мәселені жылу маусымы басталмай тұрып жауаптыларға ескерттік дейді. Мәселенің ақ-қарасын Massaget.kz тілшісі біліп қайтты.
Тұрдығазы Мұхамеджанов бұл мәселенің басталғанына 2 жыл болғанын айтып отыр. Егде жастағы ер адам 1 миллион 500 мың теңге төлеп қостырған көгілдір отынның қызығын көре алмай келеді. Жауаптылар жылуды жиі айырған соң көмірі мен газ балонын да дайындап қойған. Ашуға булыққан ауыл тұрғыны газ қостыруға жұмсаған ақшамды қайтарып берсін дейді.
"Газ құбырының іші толып қалған. Қап-қара күйе. Тазалаған кезде үйдің ішінде демалу мүмкін болмай қалады. Жазда газ жөндейтін жігіттерге талай мәрте айттық. Ақау шыға бастаған кезде ешнәрсе жасамады. Енді әбден аяз ұрған кезде халықты тығырыққа тіреп отыр. 2 жылдан бері осылай. Мысалы мен газды орнату үшін 1,5 миллион теңге ақшам кетті. Қайтарып берсін ақшамды. 750 мың теңгеге алған аппаратымды пайдасыз жасайтын болды. Мұндай газ орнатып не керегі бар?! Жарты сағат сайын сүзгісін ауыстырып отырмасаң газ жанбайды", - дейді Тұрдығазы Мұхамеджанов.
Сапасыз газдың кесірінен бұқараның баспаналары жылынбайды екен. Дегенмен сапасыз отынға төлейтін теңгесі қалтаға тым қымбат.
Газдың бар, бірақ сапасы төмен. Үй өте суық. Алпыс шаршы метрге айына 13 500 теңге төлеймін. Газдың орнына жел гулеп тұр. Кішкентай балалары бар адамдарға қиын. Газдың құбырлары бітеліп қала береді. Оны тазалауға әр үй кемінде 10 мың теңге төлейміз. Айына кемінде 2 рет тазалаймыз. Төтенше жағдайлар департаменті диспетчерлік қызметіне хабарлассақ "уақыт жоқ" деп жауап береді. Қатты суық кездерде газ болған жоқ. Қосымша жылытқыштарды пайдаланып күнімізді көріп отырмыз", - дейді ауыл тұрғыны Құралай Тырнабаева.
Бұған қоса бұқара үнемі істен шығып қалатын газ жүйесінің кесірінен "пешіміз жарылып кете ме" деп алаңдайды. Ал сүзгісін уақытылы ауыстырып отырмаса бір шәйнекті қайнату үшін сағаттап күтуге мәжбүр.
"Бізде газдың қысымы өте төмен. Қарапайым шәйнек қайнату үшін ұзақ күту керек. Көгілдір отынның сапасы өте төмен. Әдетте көк түсті болып жанатын отын қып-қызыл болып жанады. Жауаптылар газды жиі айырып тастайды. Менде бәрі автоматты түрде жұмыс жасайды. Десекте қолмен айырып қосатындар "пешіміз жарылып кете ме" деп қорқады. Мен анаммен бірге тұрамын. Өзім жұмыста болған кезде газдан ақау шығама деп анамды жалғыз қалдыруға қорқамын", - дейді ауыл тұрғыны Татьяна Шпакова.
Ал жергілікті атқамінерлер Қараой ауылындағы мәселені шеше алмай жатқандарын мойындады. "Жауапты компанияға ескерттік" деген екі-ұшты жауап берді. Алайда мәселенің нақты қашан шешілетінін тап басып айта алмады.
"Бұл мәселеден толықтай хабардармыз. Күн суытуына байланысты қысым төмендеп "Алматыгазсервис-Холдинг" АҚ мамандарының айтуынша төменгі қысымда қоқыс араласып кеткен. Сол себепті бұл мәселе туындап отыр. Жалпы Қараой ауылдық округіне Қараой, Қосөзен, Тілендиев ауылдары кіреді. Былтырғы жылы компаниямен бірлесе отырып 505 миллион теңгеге қосымша газ құбырын тарттық. Компания өкілдері бұдан кейін мәселе туындамайды деп уәдесін берген. Алайда Қараойдағы мәселені толығымен шеше алмай келеміз. Не себептен екенін "Алматыгазсервис-Холдинг" компаниясы мәселенің шешімін анықтап беруін талап етіп отырмыз", - дейді Қараой ауылдық округінің әкімі Қайрат Ортыбаев.
Әкімнің шақыртуына қарамастан тұрғындардың уәжін тыңдауға компания өкілдері келмеді. Қараой ауылдық округінде 2300 үй болса, екі мыңнан аса баспана орталықтандырылған газ жүйесіне қосылған. Ал ашуға булыққан бұқара әкімдік өкілдері бұл мәселені бүгін-ертеңнен қалдырмай біржақты қылуын талап етіп отыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз