- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Анама дәрі қажет...
"Анама дәрі қажет болды". Есірткі үшін сотталған ер адам аянышты оқиғасын айтты
Есірткі жеткізумен айналысып, 11 жылға сотталған ер адам түрмеге қалай тап болғанын айтып берді. Бұл туралы сотталушы танымал журналист Михаил Козачковқа берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мені есірткімен ұстап алды. Сол үшін осы жерге (түрмеге - еск.) тап болдым. Анама көру қабілетін қайтару үшін осы іспен айналыса бастадым. Сол үшін ақша жинағым келді. Жақсырақ өмір сүргім келді. Анам көзіне байланысты жиі ауыратын. Сол үшін ақша қажет болды. Өз күшіммен еңбектеніп жұмыс та істедім. Бірақ 4 операцияны ғана төлей алдым. Шетелде емдеуге болатынын естідім. Бірақ ол үшін ақша қажет еді. Осылайша, осы жерге тап болдым. Одан әрине, ешкім жақсы болып кеткен жоқ. Жасаған ісіме өкінемін", - дейді сотталушы.
Сотталушының негізгі мамандығы аспаз. Ол мамандығы бойынша да жұмыс істеген. Онымен қоса мектепке дейінгі балаларға бокс жаттықтырушысы болған.
"Кейде 2-3 жерде, түнде жұмыс істеген кездерім болды. Бірақ үйге келіп, анаңның жағдайы барған сайын қиындап жатқанын көргенде, ақшаның бәрі дәрі-дәрмекке, коммуналдық қызметті төлеуге, азық-түлікке кеткенде бір нәрсе істеу керегін түсінесің. Ал ешқандай мүмкіндік жоқ. Жасаған ісімді ақтамаймын, әрине", - дейді сотталушы.
Оның сөзінше, анасы 40 жылдық тәжірибесі бар педагог.
"Қиын кездер еді, мен ол кезде кішкентаймын. Әпкем де жұмыс істей бастады. Анам мұғалім болып, артынша сол мектепте еден жуатын. Сосын басқа жерге барып аула сыпыратын. Мен соның бәрін көріп өстім. Анама "бәрін қойыңыз, мен істеймін" дедім. Анам жасы мен денсаулығына байланысты зейнетке шықты. Мен жұмыс істеп аздаған ақша таба бастадым. Бірақ ол да жетпеді. Анама дәрі қажет болды. Әпкем тұрмысқа шыққан, бірақ артынша ажырасып, біздің үйге келді. Бір сәтте отбасымды бағуым керегін түсіндім. Әпкем мүмкіндігі болған кезде ғана жұмыс істей алды, былай бала қарап отырды", - дейді сотталушы.
Сонымен қатар, сотталушы қай сәтте "қосымша жұмыс" табуы керегін түсінгенін айтты.
"Соңғы ақшама дәрі алған кезде біздің үйдегі жарықты өшіріп тастады. Сол кезде ақша жетпейтінін түсіндім. Балаларға асханада тамақ жеуіне ақша бере алмайтынмын, оларды жаяу жеткізуге тура келді. Қаржылық жағынан қысылып, анамның жағдайы күн сайын нашарлап бара жатқанын көрдім", - дейді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина