- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Анам қарсы болды"....
"Анам қарсы болды". Алты ай ішінде тігін тігуді үйренген жігіт жұртты таңғалдырып жүр
Қолына ине ұстап, іс тігетін ер-азаматтар да баршылық. Алайда Бақдәулет Парсаханов - заманауи технологияны меңгерген жаңашыл тігінші. Ол тек ерлерге арналған классикалық үлгідегі пиджак, пальто тігеді, - деп хабарлайды "Хабар 24".
Ол орта мектепті бітіре салып, тігіншілікті меңгерген. Бақдәулет қазір көктем мен күз мезгілдерінде киюге арналған пальто тігіп жүр. Тапсырыс берушінің бірі шибарқыт матасын ұнатыпты. Басты мақсат - денеге қонымды, терлетпейтін сырт киім тігу. Шебер мұның сыры жаңа технологияда жатқанын айтады. Бұл кеңестік кезден қалыптасқан ескі әдістен өзгеше екен. Киімнің ұсақ бөлшектері қолмен тігіледі. Желім пайдаланылмайды. Бір костюмді тігуге бір ай уақыт кетеді екен.
"Технология bespoke деп аталады. Біздің костюмдердің 70-90 пайызы қолмен тігіледі. Біріншіден, пиджактың ешқандай дайын үлгісін қолданбаймыз, тек клиенттің өлшемдерін аламыз да, сол өлшемдермен белгілі бір формулалар арқылы сол клиентке ғана шақ болып келетін пиджак тігеміз, костюм тігеміз", - дейді ол.
Бақдәулеттің ине ұстап, тігін тігуіне анасы қарсы болыпты. Бірақ іздене жүріп, ұстазы Әсет Аймановтан небары 6 ай ішінде костюм тігуді меңгеріп алған соң таңдауының дұрыстығына анасының көзі жетеді.
"Ата-анам басында қарсы болды деуге болады. Өзім үйреніп жүрген кезімде бірінші қалталарды кішкентай маталарға істейтінмін. Әр қалтаны мамаға апарып көрсетіп, мақтанып, солай болған. Сол кездерден бастап талпынысымды, қуанатынымды көріп, өзі де қолдай бастады", - дейді ол.
Бақдәулет ерлердің классикалық киімін тігіп қана қоймай, әлеуметтік желіде талғаммен киінудің сырын бөліседі. Әзірге оның бірегей костюмдеріне тапсырыс аз екен.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова