Петропавлда 18 жастағы футболшы қайтыс болғаннан кейін қылмыстық іс басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Бұл куәгерлер үшін ғана емес, "Қызылжар" футбол орталығының өкілдері үшін де адамсенгісіз оқиға болды. 18 жастағы Рауан Мұхтаров маусымнан бері осы жерде жаттыққан. Ал жаттығу алдында медициналық тексерістен өтіпті. Клуб өкілдерінің сөзінше, анализдері дұрыс болған.
"Кешкі сағат 6-да жаттығу болды. Жаттығу басталғанда, ешқандай қиындық тумады. Соңғы сәтте қақпаға допты тепкісі келгенде, бала есінен танып қалған. Жаттықтырушы маған осылай деді. Егер соққы тисе, содан кейін де доп теуіп жүрді ғой. Қатты әсер етсе, қозғалмас еді. Енді нақты не болғанын дәрігерлер, медициналық сарапшылар ғана айта алады", - дейді футбол орталығының басшысы Вячеслав Колода.
18 жастағы жігіт Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжінің 3-курсында "дене шынықтыру және спорт" мамандығы бойынша оқыған.
"Оқуда үздік болды, үнемі сабаққа қатысатын. Бокспен айналысты, облыстық, халықаралық жарыстардың жүлдегері, чемпионы болды. 2 жарым жылдық оқу барысында өзін жақсы жағынан көрсетті. Содан кейін футбол орталығында футболмен айналыса бастады", - дейді мұғалімі Денис Веташкин.
Қайғылы оқиғадан кейін полиция қылмыстық іс қозғады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Еске салайық, бұған дейін Петропавлда жаттығу кезінде жасөспірім қайтыс болғаны хабарланған еді.
Кейінірек полиция осы оқиғаға байланысты пікір білдірді. Әлеуметтік желіде оқиғаның видеосы тарады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!