Денсаулық сақтау министрі 15 тамызға дейін елімізде әйел босандыратын барлық 69 медициналық ұйымда ауқымды тексеріс жүргізуді тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Не тексеріледі?
Санитария-эпидемиологиялық бақылау комитеті инфекциялық бақылау талаптары сақталуын бағалап, ана мен жаңа туған нәрестенің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және аурухана ішіндегі инфекциялардың алдын алу шараларын күшейтуге назар аударады.
"Инфекциялық бақылау жүйесінің басты міндеті - салдармен күресу емес, қауіптің алдын алу. Әрбір жағдай кәсіби тұрғыдан жан-жақты талданып, науқастардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға негіз болуға тиіс", - деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Министр тергеп-тексеру тәсілдерін қайта қарауды, профилактикаға басымдық беріп, санитария қағидалары мен мемлекеттік бақылаудың тексеріс парақтарын жаңартуды, сондай-ақ, әрбір жағдайға объективті баға беруді тапсырды.
Үшем шетінеп кеткен оқиға
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысындағы перзентханада үшем шетінеп кетті, ал отбасы әділдікті талап етті.
Қарасай аудандық ауруханасы мәліметінше, жүктіліктің 25-аптасында науқастың толғағы басталып, қағанақ суы кеткен күйде жеткізілген. Ал қара жамылған отбасы мүшелерінің сөзінше, босануға барған әйелге Қарасай аудандық перзентханасының мамандары дұрыс ем-дом тағайындамаған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова