1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Жетім көрсең, жебей жүр» деген аталы сөзді ұстанған «Ана мен бала» журналы Алматы қаласындағы №1 балалар үйінде «Мейірім» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Шараға «ТурМеда» туристік медициналық агенттігі демеушілік етті.
Көңілді күн сыйлауды мақсат тұтқан бұл шарада журнал серіктестері «Нұр академия» балаларды дамыту орталығы логикалық роботтехника құрастыру сағатымен балаларды қызықтырса, Ғ. Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театр әртістері көңілді қойылым қойып, ойын ойнатып, естен кетпес көңіл-күй сыйлады.
Сонымен бірге, «Ана мен бала» журналының «Кішкентай жұлдыздар» жобасына кейіпкері болған, бірнеше конкурстардың жүлдегері, жақында Мәскеуде өткен халықаралық бал биі байқауынан І орын иеленіп келген Айрис Каюпова биден шашу шашты.
Акварель бояуымен балалар өз қолдарының таңбасын қағаз бетіндегі «Ана мен бала» деген жазу шеңберін айнала қалдыру арқылы күннің бейнесін жасап шықты. Соңында ән салып, би билеп, келген қонақтарды өз өнерлерімен тәнті етті.
Таланттылардың көрсеткен таудай талабына сүйсінген «ТурМеда» туристік медициналық агенттігінің орта Азиядағы үйлестірушісі, Сәбит Сейдуалиев бастап келген демеушілер тобы балаларға жазғы демалыс кезінде киетін аяқ киімдер сыйлады.
Жолдаған: Айдана Шотбайқызы