Аң аулауға шыққан миллионерді пілдер таптап, мерт қылды

Аң аулауға шыққан миллионерді пілдер таптап, мерт қылды
Фото: bobbyhansensafaris.com

Америкалық миллионер Эрни Дозио Габонда аң аулау кезінде қаза тапты. Ол сирек кездесетін орман бөкені мен ергежейлі орман енекесін аулауға шыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Daily Mail басылымына сілтеме жасап.

Collect Africa мәліметінше, қайғылы оқиға Лопе-Оканда тропикалық орманында болған.

75 жастағы кәсіпкермен бірге кәсіби аңшы-нұсқаушы болған. Кенет қалың бұтаның арасынан бес ұрғашы піл мен бір пілдің төлі шыға келген. Төлін қорғаған жануарлар топқа бірден тап берген.

Басылымның жазуынша, кәсіби аңшы соққыдан шетке ұшып түсіп, ауыр жарақат алған. Ал Дозионың қолында тек бөкен аулауға арналған бытыралы мылтық қалған. Пілдер оны таптап өлтірген.

Марқұмның танысының айтуынша, Эрни бала күнінен аңшылықпен айналысқан. Оның Африка мен АҚШ-тан жинаған көптеген олжасы болған. Танысы көпшілік ірі аң аулауды құптамайтынын, бірақ Дозионың барлық сафариі лицензияланғанын және жануарлар санын реттеу ережелері аясында өткенін айтқан.

Марқұмның денесі АҚШ-тың Габондағы елшілігінің көмегімен Калифорнияға жеткізіледі.

Эрни Дозио - Pacific AgriLands компаниясының иесі. Кәсіпорынның Калифорнияда 12 мың акр аумақты алып жатқан жүзім алқабы бар. Сондай-ақ, компания басқа жүзімдіктерді басқарумен және өнім жинауға арналған жабдық жеткізумен айналысады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget