- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ӘМСҚ медициналық ұйымдарға...
ӘМСҚ медициналық ұйымдарға 200 млрд теңге қарыз
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақов қордың медициналық ұйымдары алдындағы қарызы 200 млрд теңгеге жуықтағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"200 млрд теңгеге жуық қарыз бар. Бұл ақша тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша республикалық бюджеттен медициналық ұйымдарға аударылуы керек. Қаржыны медициналық ұйымдарға төлеуге міндеттіміз", - деді Әбілқайыр Сқақов.
Төраға мәселенің неге ушыққанын түсіндірді.
"Біз мұндай үлкен проблема барын мойындаймыз. Жылдың басында бізде қаржыны аударатын ақпараттық жүйе болмады. Бүгінде оны іске қосып, жаппай ақшаны аударып жатырмыз.
Бірақ екінші мәселе туындады. Ол – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша қаржының жетіспеушілігі. Сондықтан біз осы аптаның соңына дейін мамыр айын қоса алғанда міндетімізді орындаймыз. Республикалық бюджеттен қаржы түскенде қыркүйекте мамыр, маусым айлары бойынша яғни 1,5-2 айда медициналық ұйымдардың алдындағы қарызды жабамыз", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақов жалақысы қанша екенін айтқан болатын.
Оның сөзінше, Сқақов 1 млн 400 мың теңге алады. Басқарма төрағасының сөзіне сенсек, орынбасарлары қомақты сыйақы алмайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Есен