Әмір Омарханов Тунистегі ITF турнирінің финалына шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ATP рейтингісінде 641-орынға тұрақтаған 18 жастағы қазақстандық теннисші Әмір Омарханов Тунистің Монастир қаласында өтіп жатқан ITF M15 сериялы жарыстың финалына жолдама алды.
Жартылай финалда Әмір германиялық Лукас Видеманнмен (ATP №839) кездесіп, тартысты өткен матчта жеңісті жұлып алды. Кездесу 6:4, 5:7, 7:6 (8:6) есебімен отандасымыздың пайдасына аяқталды. Ойын тағдыры шешуші үшінші сеттің тай-брейгінде шешілді.
Финалда Омарханов түркиялық Мерт Алкаямен (ATP №383) күш сынасады. Айта кетейік, Әмірдің қоржынында ересектер арасындағы үш титул бар: ол бұған дейін Тунистегі турнирлердің жекелей және жұптық сынында үздік шықса, Испанияның Манакор қаласында жұптық сында топ жарған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!