Қазақстандық, 16 жастағы Әмір Омарханов Президент кубогі үшін Астанада өтіп жатқан ATP Challenger Tour турнирін жеңіспен бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әмір Омарханов үшін бұл өзінің спорттық жолындағы алғашқы челленджер жарысы еді.
Әмірдің қарсыласы әлемнің 794-ракеткасы, ресейлік Максим Жуков 19 жаста болатын.
Бірінші сетте есеп 2:2 болған мезетте Омарханов брейк жасай білді. Сол басымдылық оған жеткілікті болды – 6:4.
Екінші сетте қазақстандық жас теннисші 5:2 есебімен алға кетіп, матчқа доп бергенде, ол мүмкіндігін пайдалана алған жоқ. Дегенмен ойынды эйспен түйіндеді – 6:4. Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсекеде Әмір 2 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жібермеді. Жуков 1 эйспен (4 брейк-пойнт) шектелді.
Осылайша, ересектер арасында ATP жарысында алғашқы жеңісіне қол жеткізген Әмір Омарханов Президент кубогінің ширек финалына шығу үшін әлемнің 533-ракеткасы, Саба Пурцеладземен таласады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!