Нұрсұлтан Жаңабай – Америкадағы әйгілі Дрексель университетінің екінші курсында оқып жатқан қазақ баласы. Химиялық инженерия мамандығында оқып жатқан Нұрсұлтан бірнеше айдан бері әлемге әйгілі аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеумен айналысатын NASA ұйымының зерттеу жұмысына қатысып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қатты таңғалдым"
Күні кеше ғана туған жері Атыраудан Америкаға қайта ұшып кеткен Нұрсұлтанмен аз ғана уақытқа тілдесудің сәті түскен еді. Біз Нұрсұлтаннан оның зерттеу жұмысы және алдағы жоспарлары туралы айтып беруін сұрадық.
"Біздің оқуымыз бірнеше семестрден тұрады. Күзгі семестр аяқталғаннан кейін мен "бір нәрсемен айналысуым керек" деген ойда болдым. Өйткені, жәй ғана сабаққа келіп-кетіп жүру мен үшін жеткіліксіз еді. Сөйтіп, университетіміз айналысатын зерттеу жұмыстары туралы ақпараттарды қарай бастадым. Ұзын тізімнің ішінен мамандығыма сәйкес келетін бір тақырыпты ғана таптым. Өтінім бергеннен кейін арада бір ай өткен соң университетте жиын өтті. Онда химия профессоры таңдаған зерттеу жұмысы NASA -ның зерттеу тақырыбы екенін айтты. Қатты таңғалдым", - дейді Нұрсұлтан.
Жас зерттеуші-ғалымның айтуынша, оның ғылыми жұмысы күн тұтылуы кезінде жер қабатын қорғап тұрған озон концентрациясының қандай күйге түсетінін анықтауға негізделген.
"Күн тұтылу уақыты әрі кетсе 4-7 минутқа созылады. Біз күн тұтылуы кезінде жоғары атмосфераға арналған шарды гелиймен толтырып, оған арнайы датчиктер орнатып, ғарышқа жібереміз. Біздің шарымызға орнатылған датчик осы уақыт аралығында қажетті мәліметтерді жинап үлгеруі керек", - дейді Нұрсұлтан.
"Елге үлкен тәжірибемен келгім келеді"
Оның айтуынша, күні бүгінге дейін зерттеу нысанына қажетті шарды зерттеушілер тобы сынақ түрінде екі мәрте ғарышқа ұшырған.
"23 қыркүйек күні шарды ғарышқа тағы ұшырамыз. Мен зерттеу тобының ұшыру командасында боламын. Екінші команда шардың қозғалу траекториясын бақылайды. Үшінші команда шардың түскен жерін бақылайды. 14 қараша күні Техас штатына барамыз. Ол жерде зерттеу жұмысының бірінші миссиясын орындаймыз. 8 сәуірде күннің тұтылуын нақты зерттейтін боламыз", - дейді Нұрсұлтан Жаңабай.
Нұрсұлтан оқуын аяқтағаннан кейін АҚШ-та химиялық инженерия саласында әрі қарай тәжірибе жинақтауды жоспарлап отыр.
"Елге шетелдік дипломмен ғана емес, үлкен білім, тәжірибемен келгім келеді. Алға қарай, қазақстандық жастарды АҚШ-тың мықты ғалымдары, инвесторларымен жалғайтын көпір болсам деймін. Себебі, қазақстандық жастардың ғылым саласында әлеуеті жоғары", - дейді Нұрсұлтан.
Баян Жанұзақова
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!