Қазақстанда 30 тамыз Конституция күні ретінде атап өтіледі. Биыл Ата заң қабылданғанына 28 жыл толып отыр. Massaget.kz тілшісі тарихшы Ханкелді Әбжановпен сұхбаттасып, Қазақстан тарихында Конституция қаншалық өзгергенін, қандай өзгерістер болғанын сұрады.
1993 және 1995 жылдар: Қазақстан Конституциясы қалай өзгерді?
1993 жылы 28 қаңтарда XII шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің IX сессиясында алғашқы Конституция қабылданды. Бұл заң 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрды. Алайда бұл Конституция 1995 жылы 30 тамызға дейін қолданыста болды. Онда ең бастысы парламенттік республика үлгісін негізге алу бекітілді.
Ал 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум нәтижесінде жаңа Конституция қабылданған болатын. Ол 5 қыркүйектен бастап өз күшіне енді. Қазақстанның қазіргі Конституциясы 9 тарау, 98 баптан тұрады.
Қазақстан Республикасының Конституциясына 28 жыл бойы бірқатар маңызды өзгеріс пен түзету енгізілді. Дәлірек айтсақ, 1998 жылғы 7 қазанда, 2007 жылғы 21 мамырда, 2011 жылғы 2 ақпанда, 2017 жылғы 10 наурызда, 2019 жылғы 23 наурызда, 2022 жылғы 8 маусымда өзгерістер енгізілді.
"Екіден де көп Конституция қабылдадық"
Тарихшы Ханкелді Әбжановтың пікірінше, Қазақстан тарихында ресми түрде екі рет Ата заң қабылданғанымен, іс жүзінде бұл одан да көп болған.
"Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері ресми түрде екі Конституция қабылданды. Ал іс жүзінде екіден де көп, кем дегенде үш Конституция қабылдадық. Алғашқы Конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Мұнда парламенттік-президенттік республика болып танылдық. Өйткені Конституцияда бірінші орында Парламент, екінші орында Президент тұрды. Ол Конституция тұтас алғанда жаман емес еді, бірақ онда кеңестік жүйенің сарқыншағы көп болды. Айталық, еңбекпен қамтамасыз етеміз, тегін оқытамыз, тегін емдейміз деген секілді социалистік заманға сай дүниелер болды", - дейді тарихшы.
"Америка заңына 26-ақ өзгеріс енгізсе, Жапония мүлде өзгертпеген"
Ал араға 2 жыл салып, Қазақстанның қазіргі Конституциясы қабылданды. Алайда бүгінге дейін заңға бірнеше мәрте өзгеріс енгізілді. Тарихшы Ханкелді Әбжанов елдің басты заңын өзгерте беруге болмайтынын айтады.
"Социализмнен нарыққа көшкен соң 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтың референдуммен екінші Конституция қабылданды. Мұнда Қазақстан Президенттік басқару нысанындағы республика деп жарияланды. Бірінші орынға Президенттік билік шықты, екінші орынға Парламент ауысты. Бірақ осы екінші Конституцияға шамамен 100-деген өзгеріс енгізілді. Конституция негізгі заң болғаннан кейін оны құлпырта беруге болмайды. Негізгі, басты қағиданы бір рет айту керек, ал қалған қағидалар соған бейімделіп жазылуы керек. Ал негізгі заңның өзін құлпырта берсек, қалған заңдарда мән қалмайды", - дейді Ханкелді Әбжанов.
Әлемде Конституция қабылданғанына 100 жылдан аса уақыт болған елдер бар.
"Америка Конституциясын қабылдағанына 2 ғасырдан аса уақыт болды, 26-ақ өзгеріс енгізіпті. Жапондардың Конституциясын қабылдағанына 1 ғасырға жуықтады. Бірде-бір өзгеріс енгізілмеген. Тұрақты мемлекеттердің бір көрінісі - Конституцияның тұрақты болуы. Екінші Конституцияда Президенттік басқару дегеннен кейін ол бір адамның мүддесін көздеп кетті. Соның нәтижесінде тұңғыш Президент дедік, ел көшбасшысы дедік. Осылайша, бұрынғы Президентімізді көкке көтеріп жібердік. Оны Конституциядан да жоғары қойдық. Президентке қылмыстық шара қолданылмайды деу - жер бетінде жоқ тәртіп. Сондықтан 2022 жылы Конституцияға тағы да өзгерістер енгізіп, бірінші Президент туралы қағидаларды алып тастадық. Мұндай шатасуға о баста бір адамға ғана арнап жасалған Конституция себеп болды", - дейді ол.
Айта кетейік, 15 ақпанда Қазақстанда Тұңғыш Президент - Елбасы туралы заңның күші жойылды. Тиісті заңға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
Ата заңға әлі де қандай өзгеріс керек?
Тарихшының сөзінше, бүгінде Ата заңымызға қазақтың мүддесіне, ұлттың мүддесіне қатысты маңызды өзгерістер керек.
"Қазіргі Конституциямыз 99 өзгерістен кейін әлі де толықтыруды қажет етеді. Мәселен, мемлекеттік тілге байланысты заң қабылданады деген. Қабылданған жоқ. Мемлекеттік тіліміз ақсап, жағдайы болмай тұр. Бұл - бір. Орыс тілін қазақ тілімен бірдей етіп қойдық, мемлекеттік тіліміз соның көлеңкесінде қалып қойды. Содан күні бүгінге дейін балаларымыз мектепте орысша оқиды, көшеде орысша сөйлейді. Екіншіден, біз үлкен мемлекет емеспіз. Унитарлы мемлекетпіз. Жеріміз үлкен болса да халқымыз аз, экономикалық әлеуетіміз төмен. Әлемнің 30, 40-елі болдық деген бос сөзді айтамыз. Бізге екі Парламент не үшін керек? Мамандар баяғыдан Қазақстанға бір Парламент керек екенін айтып келеді. Бұл да ойланатын шаруа. Конституция, шынында да, басты құжат. Ондағы әрбір бап осы елдің, жердің иесі - қазаққа арнап жұмыс істеуі керек", - дейді тарихшы.
"Конституциядан бір грамм ауытқымау керек"
Тарихшы Ханкелді Әбжановтың сөзінше, қоғамда әлі де мемлекеттің басты заңына деген пайым-түсінік жеткіліксіз.
"Конституция сақталмағынан мынадан да байқауға болады. Бір жылдары мамандар тексеріп, салыстырып көрсе, Конституцияның бірінші қабылданған нұсқасындағы өзгерістердің біреуі енгізілген, біреуі енгізілмеген. Ескі қағида қалып қойған. Елде әлі Конституцияға ұлы құжат ретінде қарау түсінігі қалыптасқан жоқ, көп заңның бірі ретінде түсінеді. Конституция - мемлекеттің құралы, айбары, мақтанышы, қорғаны. Ондай биік деңгейге әлі жетпедік. Оны мойындау керек. Қанша айтсақ та Конституциямыздың осал тұстары бар. Бірақ негізінен жұмыс істеп тұр. Толық емес. Толық жұмыс істемеген уақытта неше түрлі бұрмалаулар, заңсыздықтар бола береді. Конституциядан бір грамм ауытқымау керек. Осы норманы күндіз де, түнде де, қарапайым адамнан Президентке дейін басшылыққа алу керек. Әлі беделін арттырып, ұлттық мүдде тұрғысынан жетілдіруіміз керек", - дейді ол.
"Конституцияда не айтылғанын білмейтіндер қаптап жүр"
Тарихшы бұл мәселені шешуді мектептен бастау керек деген ұсыныс білдірді.
"Кеңес заманда Конституцияны мектептерде оқытты. Мүмкін уақытша болса да мектептерде Конституцияны пән ретінде оқыту керек шығар. Өйткені халқымызда конституциялық сауат әлі төмен. Конституцияда не айтылғанын білмейтіндер қаптап жүр", - деп түйіндеді ол.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар Конституция күнінде қалай демалатыны туралы жазған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!