Түркістан облысында алғаш рет мәйіттік донордың ағзасын алып, мұқтаж адамға салу отасы өтті. Трансплантация тараздық тұрғын, 6 баланың әкесі Дархан Оспановқа жасалды. Дәрігерлердің сөзінше науқасқа 18 жасар жігіттің бүйрегін қондыру отасы сәтті өткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Жол апатынан кейін комаға түсіп, қайтыс болған 18 жасар жігіттің бүйрегін тараздық тұрғын Дархан Оспановқа салды. Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында жасалған трансплантациялық ота 2 сағатқа жалғасты. Дәрігерлер донордың бүйрегі еліміздегі үш адамға сай келгенінен, бірақ дәл осы науқастың сәйкестігі басым болғанын айтты. Мұндай ота Түркістан облысында алғаш рет жасалып отыр.
"Қазіргі жағдайда ол кісінің жағдайы тұрақты, наркоздан толығымен оянған. Салынған бүйрек толығымен жұмысын атқарып отыр. Салынған бүйректен 2-литрден астам зәр шығып отыр. Бұл дегеніміз бүйрек өз жұмысын орындап денеден барлық улы заттарды шығарып отыр. Болашақта бұл бүйрек дұрыс жұмысын атқарса, бұл науқасқа гемодиалез мүлдем қажет болмайды", - дейді Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Жанболат Ділдәбеков.
Рецепиенттің жұбайы Перизат Әбдраимова күйеуіне бүйрегін беруге 1 айдан бері дайындалып, анализ тапсырып жүрген. Беларусь Республикасында бүйрек ауыстыру отасын жасауға 30 млн теңгеден астам ақша сұраған көрінеді. Дәрігерлер алты баланың әкесі Дархан Оспановқа хабарласып, "сізге донор табылды" деп айтқанда, олар бұған сенбепті. Кейін жергілікті дәрігер хабарласып, растаған соң, бірден заттарын жинап, жолға шыққан.
"Анализ келгенше мен осы клиниканың алдында қондым. Алладан қатты тіледім. Бізге бұйырды. Жүрегіммен сездім. 3-4 адамды шақырды. Кімдікі сәйкес келеді екен деп үлкен үмітпен күтіп отырдық. Кеше сағат екі жарымда қорытындысы келгеннен кейін дәрігер бәрімізді шақырып, кімдікі қанша сәйкес келетінін айтты. Бірден операцияға алып кетті", - дейді науқастың жұбайы Перизат Әбдраимова.
Донордың екінші бүйрегін Астанаға жіберіп, 16 жасар балаға салды.
"Бір бүйрек 16-жасар балаға Астана қаласында салынды. Бауыр Алматы қаласының тұрғынына салынды", - дейді Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Жанболат Ділдәбеков.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!