Монополияға қарсы департамент бағаны аспандатып жіберген бірқатар аудан әкіміне ескерту жасады. Тұрғындар күн суыта баға тағы шарықтап кете ме деп алаңдаулы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Күршім ауданы әкімдігі Құйған кемежайында бір тоннасы 21 мың теңгеден, ал ауылдарға жеткізу кезінде 23-24 мың теңгеге дейін көтерілетіндігін мәлімдеді. Өскеменнің іргесінде орын тепкен Ұлан ауданында да баға осындай. Тоннасы 24 мың теңге. Көпшілік қатты отын сатылатын тұйықтарда баға 15-16 мыңның маңында болса да, үйдің алдына төккенде 6-7 мың теңге қосылатындығын орынсыз санайды.
"Өте қымбат. Қазір сатылып та жатқан жоқ қой деймін. Кейбір алып сатарлар бағаның өсуін күтіп отырған көрінеді. Күн суытып, баға көтерілгенде қайта келеді", – деді Ұлан ауданындағы Таврия ауылының тұрғыны Александра Коробова.
Дегенмен қаладағы жағдай тұрақты. Өскеменде бір тоннасы 15 мың теңгеден сатылуда. Екі тұйықта да жүк көліктері қатты отынды тиеп әкетіп жатыр. "Топливная компания терминал" ЖШС басшысы Мансұр Бекбауовтың сөзінше, қазіргі уақытта тұйықта 400 тонна көмір бар. Әлеуметтік бағамен алу үшін тізімде 70 адам тұрса, бүгінде соның 40-ы көмірмен қамтылыпты.
"Қазір тек мекемелерге жіберіп жатырмыз. 21 вагон жолда келе жатыр", – деді ЖШС басшысы.
Энергетика басқармасы ұсынған дерекке сәйкес, Қаражыра разрезінде тоннасы небәрі 9 мың теңгеден сатылуда. Алайда ауылдарға жеткізу кезінде бұл баға 30 мың теңгеге дейін жететін көрінеді.
"Өзім зейнеткермін. Қандай да бір жеңілдік болса ғой. Әйтпесе, 2-3 тонна көмір алсам, қолымдағы ақшамнан түк қалмайды. Алатын дәрі-дәрмегім бар. Жасым 90-ға таяды. Көмірдің қымбаттағынан биыл қатып қалмасақ болды. Қалтамыз көтермейді бағасын. Алыпсатарлар тым қымбат сатып жатыр", – деді Ұлан ауданының тұрғыны Елена Шутей.
Самар ауданында Семейден әкелінген көмірдің бір тоннасы 27 мың теңгеден сатылып жатыр. Өзге алып-сатарлар мұны 28 мың теңгеге дейін көтерген. Жасы 70-тен асқан Әли Кенжебайдың сөзінше, былтыр ғана бір тонна көмірді 21 мың теңгеге алған.
Мәлім болғандай, елдімекендердегі қымбатшылықтан кейбір атқамінерлер бейхабар. Облыс бойынша Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы бөлімінің басшысы Ерлан Тұрыспековтың сөзінше, бүгінде бағаны қымбаттату жағдайлары тіркелмеді. Ал монополияға қарсы департамент бағаны аспандатып жіберген бірқатар аудан әкіміне ескерту жасады.
Асыл Бигелді
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!