Астанада "Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік" атты халықаралық симпозиум өтіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесін мұқият зерделеу қажет.
"Жошы ұлысының дәуірлеп тұрған кездегі аумағы 6 миллион шаршы шақырымды алып жатты. Тіпті Рим империясының ең айбынды кезеңінде мұндай жер көлемі болмаған. Кейбір тарихшылардың пікірі бойынша Алтын Орданың Дала Римі деп аталуы да осыдан. Бірақ алып империяның қуаты жерінің көлемінде емес, оның институционалдық негізі, яғни мемлекеттік басқару жүйесі мықты болуында еді. Жошы ұрпақтары Хань немесе Габсбург династиялары секілді ғасырлар бойы, яғни 600 жылдан аса уақыт Ұлы дала төсіндегі түрлі мемлекеттік құрылымдарға билік жүргізді. Бұл Жошы ханның ұрпақтары құрған мемлекет жүйесі тұрақты әрі өміршең болғанын көрсетеді. Соның арқасында әртүрлі этнос пен дін өкілдері тату-тәтті өмір сүрді. Алтын Орда дәуірінде Дала заңы мен ислам құқығының үйлесімді жүйесі қалыптасты. Ал қоғамдық тәртіп қағидатының бастауында Түрік қағанатының құқықтық мәдениеті мен Шыңғыс ханның "Ұлы жасақ" заңы тұрды. Заң үстемдік құрған алып империяның әр түкпірінде адамның және оның мал-мүлкінің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді. Бұл – қоғамдық тәртіп болды деген сөз", - деді Президент.
Президенттің айтуынша, Алтын Орда заманында озық іс жүргізу жүйесі болғаны туралы нақты тарихи дерек бар.
"Сондай-ақ, Құрылтай институты дала демократиясының бірегей үлгісі ретінде қызмет етті. Ұлыстың әлеуметтік құрылымы айқын әрі тұрақты болса да, қоғамда қатып қалған қағида емес, әділдік басты рөл атқарды. Әскерде және мемлекеттік аппаратта темірдей тәртіпке, мінсіз қызмет пен меритократия қағидасына ерекше назар аударылды. Мұның бәрі алып державаны мекен еткен барлық этнос және түрлі топ өкілдеріне мол мүмкіндік берді. Осылайша, ұтымды ішкі және сыртқы саясаттың арқасында қоғамда тұрақтылық сақталды, мемлекет те өсіп-өркендеді. Алтын Орда Мысыр мәмлүктерімен, Ватиканмен, Византиямен, Осман империясымен және Еуропа елдерімен тығыз дипломатиялық байланыс орнатты. Жалпы тарихта "Ұлы дүрбелең" деген атпен қалған саяси дағдарыс кезінде де Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесі сыр берген жоқ, яғни тұрақтылығын сақтап қалды. Бұл жүйені кейін Еуразия аймағындағы көптеген мемлекет басшылыққа алғаны баршаңызға мәлім", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, Алтын Орданың экономикалық құрылымын жан-жақты зерттеген жөн.
"Баршамызға белгілі, ежелдегі Месопатамия, Мысыр, Қытай, Үндістан өркениеттері көп жағдайда өзен аңғарларын игеру арқылы қалыптасты. Ал Ұлы дала мүлде басқа тарихи даму жолынан өтті. Осыдан бес мың жыл бұрын қазіргі Қазақстанның солтүстігінде орналасқан Ботай жерінде адам баласы ең алғаш рет жылқыны қолға үйретті. Бұл әлем тарихына түбегейлі жаңа сипат берген оқиға болды. Атқа міну мәдениетімен қатар дала өркениетінде стратегиялық ойлау қабілеті және мейлінше қолайлы өмір сүру салты пайда болды. Осылайша, Алтын Орда Еуразияның ұлан-ғайыр даласындағы барлық негізгі көлік, сауда және гуманитарлық байланыстарды бақылауда ұстап, салт атты көшпенділер өркениетінің ең биік шыңына көтерілді. Бұл орайда көшпенділік пен отырықшылық салты үйлесім табуы Алтын Орданың тарих сахнасына жарқырай шығуының бірден-бір себебі болды деуге толық негіз бар. Түптеп келгенде, Алтын Орда көшпенділер өмірін, қаладағы қолөнер мәдениеті мен сауда жолдарын өзара тығыз байланыста дамыту арқылы тұрақты ақша және салық жүйесі бар, экономикасы дамыған ел ретінде қалыптасты", - деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Алтын Орданың тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаудан аулақ болып, оның рөлін жаңаша пайымдау керек.
"Әрине, мен ұсынған зерттеу бағыттарымен шектеліп қалуға болмайды. Сіздер секілді көне дәуірді зерттеп жүрген тарихшы-ғалым емеспін. Қазір Алтын Орданың тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаудан аулақ болып, оның рөлін жаңаша пайымдау керек. Бұл осы бағыттағы ізденістердің аясын кеңейтуге септігін тигізетін бағдар ғана. Жошы Ұлысының мол зияткерлік және рухани дәстүрі, тиімді басқару институттары мен дамыған экономикасы болды. Осы алып өркениеттің қыр-сырын толық ашу маңызды. Бұл өткенді ғылыми тұрғыдан қайта зерделеу, сондай-ақ, Орталық Еуразия халықтарының мемлекеттілік бастауын, бірегейлігін және ортақ тарихын терең түсіну үшін қажет", - деді Президент.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз