Қазақстанның оңтүстігінде үй тирандарының құрбандары дағдарыс орталықтарына жиі жүгіне бастаған. Тек Шымкенттің өзінде биыл 700 адам көмек сұраған. Орталықта оларға толық құқықтық, әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсетіледі. Өңір тұрғындарының бірі 10 жылдан аса уақыт бойы күйеуінен қорлық көріп келген екен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Динара - алып қашу құрбандарының бірі. Кезінде ол небәрі екі күн таныс болған жігіттің жары атанып кете барған. Енді міне 10 жылдан аса уақыт бойы күйеуінен қорлық көріп, бүгін бет жүзін көрсетуге де қорқып отыр.
"Мен сол алып қашудың зардабын шектім деп айтсам болады. Күйеуім бірінші әйелін ұрып-соққаны үшін ажырасқан екен. Егер мен оны жүріп жүрген кезде білсем, тұрмысқа шықпас едім. Алып қашу болғандықтан, мен олай жасай алмадым. Алып қашу ондай мүмкіндікті шектейді. Соқыр көзбен барып күйеуге шығады. Ал кейіннен "тосынсыйлар" шыға бастайды. Сол үшін алып қашуды түбегейлі құрту керек", - дейді ол.
Динара абьюзер күйеумен өмір сүрудің өте қиын екенін айтады. Ол үйдегі кішігірім мәселенің соңы әрқашан ұрыс-керіспен аяқталатынын жеткізді. Күйеуі оны балалардың көзінше де ұрып соққан.
"Біз бірге өмір сүргенде ұру, соғу, кемсіту, боқтау - бәрі болды. Мен көп жағдайды айтпай отырмын ғой. Ол жерде интимдік те қыспақтар болды. Неше түрлі аморальдық, жиіркенішті қорлықтар да болады. Психологияға әсер ететін қысымдар болды", - дейді ол.
Ұзақ жылға жалғасқан қорлықтан кейін Динара күйеуінен қашып кетуге шешім қабылдаған. Бүгінде ол балаларымен бірге дағдарыс орталығында тиісті көмек алып жатыр.
"Біз мұндай жағдайға түскен әйелдермен өзі үшін күрессін деп жұмыс істейміз. Олар өздерінің қадірін біліп, өздерін қорғай алуы керек. Себебі мұндай жағдайға түскен әйелдер тек балаларын ұрмаса екен деп, барлық қорлыққа шыдап жүре береді", - дейді Шымкент қалалық дағдарыс орталығының басшысы Малика Жүсіпова.
Дағдарыс орталығының мамандары мұндай жағдайлар аз емес екенін айтты. Оларға Динара сияқты қорлық көрген әйелдер көп келетін екен.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз