- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қыз алып қашу туралы
“Алып қашамын. Келін қыламын анама“. Депутаттар қыз алып қашу мен оны дәріптеуді сынады
Мәжіліс отырысында депутаттар қыз алып қашу мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Құқықбұзушылық, заңбұзушылық". Мұрат Әбенов әндерді сынады
Депутат Мұрат Әбенов сахнада айтылып жүрген әндерді сынап, олардың мәтінінде қыз алып қашу дәріптеліп жатқанын мәлімдеді.
"Өткен аптада Астанада бір университет студенттерімен кездестім. ...Қыз балалар маған бір ролик көрсетті. Қыз баланы алып қашқан. Қасында біреу көндіріп, "өз еркіммен келдім деп жаз" деп айтып отыр. TikTok-та тұр. Барлығы мазақ қылып, соны айтып жатыр. Құқықбұзушылық. Нағыз заңбұзушылық.
Белгілі әншілер сахнада осылай ән айтып жатыр: "Алып қашамын, мейлі олай қалама. Келін қыламын, сені қалай да анама" дейді. Екінші әнші айтады. "Көресің, менің үйіме барасың, басыңа аппақ орамал тағасың, көндіремін, көнесің. Қыз болып келесің, келін болып қаласың" дейді. Міне, мәжбүрлеу. Соны теледидардан насихаттап, көрсетіп жатырмыз", - деді ол.
Депутаттың сөзінше, қыз алып қашу жылдан-жылға көбейіп келе жатыр.
"Бір жылдың ішінде 13 алып қашу дерегі сотқа берілген болса, биыл тек Түркістан облысында 18 дерек. ...Зорлық-зомбылық туралы заңға ұсыныс бердім. Зерттеп қарадық. Адам алып қашу бойынша 125-бап бар. "Соның ішіне қарайды" дейді. Қарамайды. Соның ішінде бір қосымшасы бар. Егер 3-4 күн ішінде босатып жіберсе, жауапкершілікке тартылмайды. Сонда қалай? Қыз көнбейді, көндіреді, қағаз жаздыртады, мәжбүрлейді, ұялтады, басқа қылады. 3-4 күн ұстайды, ол қыздың әбден абыройы төгіледі. Сосын жібере салады. Оған ешқандай қылмыстық іс қозғалмайды. 3 жылдың ішінде 214 қылмыстық іс қозғауға ұсыныс берілген. Оның 10-ы ғана сотқа барған. Қалған жерде "қылмыс жоқ" деп жабыла салған. Сотқа, полицияға бармаған қыздар қаншама?!" - деді ол.
Мұрат Әбенов заңда қыз алып қашуға қатысты нормалар енгізуді ұсынды.
Әлихан Сариев/Tengrinews.kz
"Бәріміз қыз өсіріп отырмыз" - Еділ Жаңбыршин
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин де бұл мәселе келеке қылатын, күлетін нәрсе емес екенін айтты.
"Бәріміз де қыз асырап отырмыз. Ол - етек алып кеткен жағдай. ХХІ ғасырда әке-шешесімен келіспей, қызбен сөз байласпай, көшеден көрінген адамды салып алу тауар емес, зат емес, ол адам ғой. Оның тағдырына әсер етеді. Бұл заң аясында қаралатын нәрсе емес шығар, бірақ Парламенттің төрінде қоғамдағы кез келген өзекті мәселе талқылануы керек деп Президент айтқан жоқ па? Жігіттерді түсінбеймін. Қыздың көңілін таба алмайтын жігіт не қылған жігіт?! Көшеге барып, қызды бүктеп-бүктеп салып алады деген... Менің үш қызым бар. Алдынан өтіп, сөз байласып, құда түсіп алғанды бәріміз де жақсы көреміз. Мынау - қоғамдағы үлкен дерт. Қылмыстық жауапкершілік қарастырылуы керек" - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова