Қазақстан астанасының тұрғындары мен қонақтары Тәуелсіздік күнін ерекше атап өтеді: олардың назарына сүйікті әндері мен ырғақты билер ұсынылмақ. Ертең, 16 желтоқсан күні Бейбітшілік және келісім сарайында "Мәңгілік ел дауысы" ұлттық караоке-шоуы өтеді!
"Мәңгілік ел дауысы" – ерекше шоу, онда қазақстандықтар атақты әртістердің өнерін тамашалап, олармен қосылып ән айтады. Отандық жұлдыздардың үздік хиттері би ұжымдарының керемет өнерімен үйлесім тауып, көрерменге караоке түрінде ұсынылады.
"Бірге ән сал!" ұранымен өтетін "Мәңгілік ел дауысына" Kalifarniya, Ayree, Мархаба Сәби, Қазыбек Құрайыш, Ерболат Құдайберген мен Alpha тобы қатысады. Концертте дарынды балалар – "Қазақстан дауысы. Балалар" танымал телевизиялық шоуының қатысушылары Рамина Сатыбалды мен Нұршат Құсанова да өнер көрсетеді. Шоуды Жансерік Бейсеев пен Жұлдыз Абдукаримова жүргізеді.
Толықтай live форматта өтетін концертті талантты музыкант, композитор Әділжан Толықпаев жетекшілік ететін Saz&Soul тобы сүйемелдейді. Ал Анатолий Фролов басқаратын АRTballet ұжымының авторлық би қойылымдары мен DJ Byke ұсынатын ырғақты сет кеш көркін қыздыра түспек.
Айта кетсек, келушілер үшін шоу басталғанға дейін түрлі шаралар ұйымдастырылады. Концерт залының фойесінде көрермендерге арнап фотоаумақ, сонымен қатар караоке-жүйе қойылмақ. "Жұлдыз FM" радиосының жүргізушісі Жандәурен Мәди қонақтарға ән таңдап, шырқауға көмектеседі. "Мен "Мәңгілік ел дауысында" концерттің ең талантты көрермендерімен бірге ән айту үшін қазір вокалға барып жүрмін! – дейді радиожүргізуші. – 16 желтоқсан Астанада нағыз жұлдыздар жауған күн болады, сондықтан баршаңызды "Мәңгілік ел дауысы" караоке-шоуына шақырамын. Бейбітшілік және келісім сарайында кездескенше, достар!"
Еске салсақ, ұлттық караоке форматындағы алғашқы концерт 2019 жылы ұйымдастырылып, залда аншлаг болған еді. Шоу жанкүйерлері екінші рет сүйікті әншілерімен бірге ән салуға 2022 жылы жиналып, еліміздің басты мерекесі – Республика күнін атап өтті. Биыл концерт залындағы 1 300 орынға арналған билеттер санаулы күн ішінде түгелдей сатылып кетті. Бұл – шоу форматының көрермен көңілінен шыққанының және халықтың орындаушыларға деген махаббатының дәлелі! Бұл аса маңызды жайт, өйткені билет сатылымынан түскен қаражат қайырымдылыққа жұмсалады. Бұл дәстүр 2019 жылы ұлттық караоке-шоудың тұжырымдамасымен бірге пайда болған еді.
Жоба ұйымдастырушылары - "Pantograph" ЖШС мен Астана қаласының әкімдігі, шараға Alash Media Group медиахолдингі мен RTS DECAUX компаниясы шараға ақпараттық қолдау көрсетіп жатыр.
Баршаңызды 16 желтоқсан күні "Мәңгілік ел дауысы" караоке-шоуында күтеміз. Бірге ән сал!