Алтынбек Қоразбаев, Бауыржан Өзбекәліұлы: бүгін Президент кімдерді марапаттады?

Президент Республика күні қарсаңында бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев солардың бірі "Еңбек Даңқы" наградасының толық кавалері Әбдірашит Қойшыбекұлы Доспанов екенін айтты.

"Ол әке ізін басып, 40 жылдан аса уақыт металлургия саласында абыройлы жұмыс істеп келе жатыр. Кәсіби шеберлігі мен еңбекке адалдығының арқасында зор табысқа жетіп, елімізді өркендетуге мол үлес қосып жүр. Бүгінде жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, оларға өмірлік кәсібінің қыр-сырын үйретіп жатыр. Мен бүгін Әбдірашит Қойшыбекұлы Доспановқа "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын беру туралы шешім қабылдадым", - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы сазгер Алтынбек Қоразбаевқа "Отан" орденін табыстады.

"Осы мерекелік жиынға төл мәдениетіміздің көрнекті өкілі, белгілі сазгер, ұстаз Алтынбек Қоразбаев қатысып отыр. Оның әндері бірнеше буынның жүрегіне жол тауып, қазақ өнерінің алтын қорына қосылды. Мен бүгін Алтынбек Қоразбаевқа ең жоғары марапат – "Отан" орденін табыстаймын", - деді Президент.

Сонымен қатар, даңқты альпинист Қазбек Уәлиев те марапатқа ие болды.

"Ол дүние жүзінің ең биік шыңдарын бағындырып, әлемдік альпинизмнің аңызына айналды. Мен Қазбек Шәкімұлының ерен еңбегін ескере отырып, оны ІІ дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттауды ұйғардым", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, Наталья Викторовна Сафиулина жоғары педагогикалық шеберлігімен, кәсібилігімен және сүйікті ісіне адалдығымен көрінген.

"Жаңашыл ұстаз ерекше балаларды оқытуда озық тәсілдер енгізіп отыр. Мемлекет шын мәнінде инклюзивті қоғам қалыптастыруға үлес қосып жүрген осындай педагогтерді әрдайым қолдайды. Білім беру саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Наталья Викторовна Сафиулинаға "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" атағы беріледі", - деді Тоқаев.

Сондай-ақ, руханиятымыздың өрісін кеңейтуге зор үлес қосып жүрген өнерпаз, танымал опера әншісі Талғат Маратұлы Мұсабаевқа "Қазақстанның халық әртісі" атағы берілді.

Президенттің айтуынша, өнер қайраткерлерімен қатар, мәдениет саласын зерттеген ғалымдардың да еңбегі зор құрметке лайық.

"Осы орайда, музей ісін дамытуға және тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға белсене атсалысып жүрген белгілі өлкетанушы Бауыржан Өзбекәліұлы Жәнібековке "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағы беріледі. Сонымен қатар, ұлағатты ұстаз, өнертанушы ғалым Эльмира Сәкенқызы Сұлтанғалиеваға "Құрмет" ордені табысталады", - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, жұмысшы мамандық иелері еліміздің өркендеуіне белсене атсалысып келеді.

"Қазір осы жерде адал еңбегімен зор табысқа жеткен нағыз еңбек адамдары отыр. Бұл орайда "Астана-Көгалдандыру құрылысы" мекемесінің қызметкері Дидар Телжанұлын ерекше атап өтуге болады. Осы саладағы игі істер мен Президент ретінде ұсынған "Таза Қазақстан" тұжырымдамасымен тығыз байланысты. Бұл бүкіл елімізге өте қажет жұмыс деп айтсақ, қате болмайды. Өйткені көшелеріміз таза болмаса, әрбір жерде ағаш пен гүлдер көп егілмесе, азаматтарымыз табиғатқа қамқор болмаса, еліміз де жасампаз болмайды. Бұл - анық нәрсе. Бүгін елордамызды көркейтуге елеулі үлес қосқан білікті маманға "Құрмет" ордені беріледі. Ал "Астана орманы" ұйымында табысты жұмыс істеп жүрген Аманжол Төкенұлы Үйсінбаев "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталады", - деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданынан келген механизатор Сергей Николаевич Пустыльниковке лайықты құрмет көрсетілетінін айтты.

"Ол отыз жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында жемісті жұмыс істеп, жиған тәжірибесін жас буынға үйретіп келеді. Адал еңбегі мен толайым табысы үшін Сергей Николаевич Пустыльников ІІІ дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденімен марапатталады. Біз ұлт саулығын нығайту және зияткер ұрпақ тәрбиелеу ісіне баса мән беріп отырмыз. Ұстаздар мен дәрігерлер қауымына жан-жақты қолдау көрсету және олардың еңбегіне зор құрметпен қарау – маңызды міндет", - деді Президент.

Аға мейірбике Анар Рахманбекқызы Әбдіқұловаға және ұлағатты ұстаз Сәлима Ибраиымқызы Жұмамұратоваға "Шапағат" медалі табысталды.

"Қоғамдық келісім – егемендігіміздің мызғымас кепілі. Бүгін ырысты ынтымағымызды нығайту жолында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа "Ел бірлігі" ордені табысталады", - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Президенттің айтуынша, бүгін мемлекетімізді көркейтуге белсене атсалысқан, адал еңбегімен көпке үлгі болған 2 мыңнан аса азамат марапатталады.

Соның ішінде 270-ке жуық білім-ғылым, денсаулық сақтау саласының қызметкеріне, 473 жұмысшы мамандығы өкілдеріне және 129 еңбек ардагеріне, сондай-ақ, 200-ден аса шағын және орта бизнес өкіліне мемлекеттік награда тапсырылады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз