“Алтыналмас“ АҚ кәсіпорнындағы қайғылы оқиға: жұмыс тобы құрылды

“Алтыналмас“ АҚ кәсіпорнындағы қайғылы оқиға: жұмыс тобы құрылды
Фото: https://www.altynalmas.kz/

"Алтыналмас АК" АҚ қайғылы оқиғадан кейін жұмыс тобы құрылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы кәсіпорынның баспасөз қызметі мәлімдеді.

"Алтыналмас" компаниясының басшылығы мен еңбек ұжымы 18 қыркүйекте "Ақбақай" жерасты тау-кен жұмыстары учаскесінде болған жазатайым оқиға салдарынан әріптесіміз, күтім жасау және жөндеу слесарі Нұрдәулет Жексенұлы Нұрмаханов кенеттен қайтыс болғанын өкінішпен хабарлайды. "Алтыналмас АК" АҚ Нұрдәулет Жексенұлының туыстары мен жақындарының, бірге жұмыс істеген әріптестерінің қайғысына ортақтасады", - делінген хабарламада.

Кәсіпорынның мәліметінше, Нұрдәулет Жексенұлы – 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап "Алтыналмас АК" АҚ "Ақбақай" тау-кен байыту кешенінің жылжымалы және стационарлық жабдықтарына күтім жасау және жөндеу учаскесінде сорғы қондырғыларының машинисі болып жұмыс істеді.

"2017 жылы жабдыққа техникалық күтім жасау және жөндеу слесарі болып тағайындалды. Ұжымда беделді, жұмыста бірбеткей мінезді болып, жауапкершілік пен кәсіби шеберліктің жоғары деңгейін көрсетті. Жұмыс барысында өзін жоғары білікті маман ретінде танытты. Нұрдәулет Жексенұлы Нұрмаханов туралы естелік әріптестерінің, достарының және бүкіл ұжымның жүрегінде мәңгі сақталады", - деп хабарлады "Алтыналмас АК" АҚ.

Сонымен қатар "Алтыналмас АК" АҚ оқиғадан кейін бірден жұмыс тобы құрылғанын хабарлады. Арнайы комиссия жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтайды.

"Алтыналмас АК" АҚ қаза тапқан қызметкердің отбасына материалдық көмек көрсетеді және тиісті төлемдер бойынша өзінің барлық міндеттемелерін орындайды", - делінген хабарламада.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан