- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Алтын сөздер". Жаттықтырушының...
"Алтын сөздер". Жаттықтырушының шәкіртін жігерлендірген видеосы Желідегілерді тәнті етті
Жаттықтырушы өзінің шәкіртін қолдап, жігерлендіріп жатқан видео Желі қолданушыларын тәнті етті. Tengri Sport видео авторымен сөйлесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Видеоны Желіге жаттықтырушы, бокстан халықаралық деңгейдегі спорт шебері Мұхит Амантаев жүктеген. Роликтен рингте жеңіліп қалған баланы жаттықтырушысы қолдап жатқанын көруге болады. Мұхит Амантаев балаға бәрі дұрыс екенін, әлі талай жеңіске жететінін айтады.
"Келесі жолы одан да жақсы болады, түсіндің бе? Жылама. Жылдамдық, бәрі дұрыс. Келесі жолы міндетті түрде жеңеміз, түсіндің бе? Өзіңе сен, сосын ағайыңа сен. Мақсат ұтуда емес, әрине ұту керек, бірақ мақсат - қалай ұттың және қалай ұтылуыңда. Егер нашар ойнап, менің айтқанымды істемей ұтсаң, ондай бокстың дым қажеті жоқ. Егер лайық ұтылсаң, ол басқа мәселе", - дейді жаттықтырушы.
@mukhit_amantayev Бұйырса жеңістің бәрі алда, ен бастысы - өмірде жеңілмеу ✊??
♬ оригинальный звук - Mukhit Amantayev
Видеоға 65,5 мыңдай адам лайк басып, 1,5 мыңға жуық пікір жазылған.
"Бапкері мықты екен", "Жарайсың, бауырым, балаға керемет тәрбие", "Алтын жаттықтырушы, алтын сөздер, болашақ чемпион күтеміз", "Қарап отырып, мен мотивация алып кеттім ғой, Мәке, Көк туды желбірететін шәкірттеріңіз көп болсын", - дейді TikTok қолданушылары.
Мұхит Амантаевтың сөзінше, видеодағы баланың есімі - Мейіржан Жақсылық. Оның жасы небәрі 10-да, бір жарым жылдан аса уақыттан бері жаттықтырушымен жұмыс істеп жүр.
"Видео Астанада түсірілген. Ол кезде бокстан халықаралық турнир өтіп жатқан, "Хан-Шатырда" өткен. Мейіржан рингке шықты. Жеңіліп қалды, бірақ мен онымен сөйлесіп, әлі талай жеңіске жететінін айттым. Жеңілгеннен кейін бастысы сынып қалмай ары қарай жұмысты тоқтатпау керек. Әрине, ол да бокспен айналысатын көптеген бала секілді әлем чемпионы болуды армандайды", - дейді Мұхит Амантаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина