"Алтын орда" базарында соққыға жығылып, бір айдан кейін көз жұмған 23 жастағы Қайнар Біләлдің ата-анасы ұлының өліміне Талғар аудандық орталық ауруханасын кінәлап отыр, - деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.
Желіде 14 маусымда "Алтын орда" базарында түсірілген видео тараған еді. Онда ағатайлап жалынған жігіт екі рет ауыр соққы алғаны анық көрінеді. Бірақ ол кезде марқұм 500 мың теңге тұратын телефон үшін бақилық боламын деп ойламаған.
"Көмектесетіндей ешкім ештеңе түсінбей қалды. "Ағатай телефонымды бер" деп жалынып жатыр. Оның қолында пышақ болды ғой. Қыздар көмектесті", - дейді куәгер.
Телеарна мәліметінше, басына тиген ауыр соққыдан ауруханада көз жұмған жас жігітті жақындары күні кеше ақтық сапарға аттандырған. Туыстары кісі өліміне себепкер болған күдіктіге қатаң жаза қолдануды талап етіп отыр.
"Алтын ордада" күткен. Екі жігіт келіп, "көремін" деп ұялы телефонын алған. Бермей, ұрған ғой", - деді марқұмның жары Шынар Дәулетқызы.
Марқұмның артында анасы мен жары қалған. Марқұмның анасының айтуынша, 6 күн бойы ауруханада жатқан ұлына дер кезінде дұрыс ем жасалғанда, тірі қалар еді. Ол "басындағы ұйыған қанды алғашында алып тастауға болатын еді ғой" деп қынжылады.
"Талғардың дәрігерлеріне айтар шағымым бар. Баламды дұрыс қарамады. Есіктің алдындағы итіңді де сылап-сипайсыңдар ғой, сонда балам ит құрлы болмады ма? Әбден бес-алты күн болғаннан кейін өзге дәрігерге жіберген", - деді марқұмның анасы Пәтігүл Мұзартбекқызы.
Дәрігерлер алты күнде жағдайы қанағаттандырарлық болған соң, облыстық ауруханаға жөнелтуді жөн санадық деген жауап берген.
"Келген кезде жағдайы орташа ауыр болды. Сол жақ бет сүйектері сынған деген диагнозбен жатқызылды. 14 маусымнан 20 маусымға дейін 6 күн осында травмотологияда жатты. Жағдайы қанағаттандырарлық болған соң келісіп, облыстық ауруханаға операция жасатуға ауыстырылды", - деді Талғар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары Бақыт Жәмеков.
Бақыт Жәмековтің айтуынша, Талғардағы ауруханада операция жасауға себеп болмаған.
"Операция жасауға сол кезде көрсеткіш болған жоқ. Біріншіден, ешқандай пікір бере алмаймын. Оны бізге беретін құзырлы органдар бар, медициналық сараптама бар", - деді Талғар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары Бақыт Жәмеков.
Ал кісі өлтірді деген күдікке ілінген Жамбыл облысының 28 жастағы тұрғыны қамауға алынған. Алматы облыстық Полиция департаментінің дерегінше, ол жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде ұсталған. Марқұмның отбасы құзырлы органдар істі әділ тергесе екен дейді.