- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алтын Орда сериалы
“Алтын Орда“ сериалы келесі жыл әлемдік прокатқа шығады - Ерлан Қарин
"Алтын Орда" тарихы туралы сериал келесі жылы халықаралық прокатқа жол тартады. Бұл туралы Jibek Joly арнасының "Уәде" бағдарламасына берген сұхбатында Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин мәлім етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Хатшының айтуынша, "Алтын Орда" сериалын түсіру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың III Құрылтай кезінде берген тапсырмасына сәйкес қолға алынған.
"Бұл жоба - тарихымызды халықаралық деңгейде насихаттауға арналған алғашқы ауқымды онлайн жоба. Бұған дейін түсірілген "Қазақ хандығы" және "Көшпенділер" сияқты жобалар ішкі аудиторияға бағытталған болса, "Алтын Орда" әлемдік көрерменге арналған. Жобаның мақсаты - еліміздің бай тарихы мен мәдениетін жаһандық аудиторияға таныстыру. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін "Осман империясының өрлеуі", "Мұса пайғамбар" сияқты танымал көркем-деректі сериалдарды шығарған халықаралық деңгейдегі продакшн компания - Karga Seven Pictures-пен серіктестік орнатылды. Бұл көркем-деректі драма тарихи деректер мен фактілерге негізделеді", - деді Ерлан Қарин.
Тарихи деректі-көркем туындының сценарийін жазуға қазақ тарихшыларынан бөлек, Еуропа мен Моңғолия тарихшылары да тартылған.
"Түсірілімге Моңғолия, Швеция, Бельгия, Англия елдерінің актерлері мен қазақстандық тарихшылар ғана емес, шетелдік мамандар да тартылған. Жоба алты эпизодтан тұрады, әр эпизодтың ұзақтығы - 45 минут. Қаржыландыру жеке инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр, мақсат - жұмсалған қаржыны қайтару. Түсірілім ақпан айында "Қазақфильм" павильонында басталып, даладағы жұмыстар сәуір айында Қазақстанда жүргізіледі. Постпродакшн жұмыстары жылдың соңына дейін аяқталып, сериал келесі жылы халықаралық платформаға шығады деп жоспарланып отыр. Сериалдың аудиториясы кем дегенде 5-6 миллион көрерменді қамтиды", - деп атап өтті хатшы.
Айта кетейік, 15 қаңтар Karga Seven Pictures пен Қазақстан тарабы ресми кездесу өткізді. Жоба Жошы ұлысының 800 жылдығына орай ұйымдастырылған. Түсірілімдер толығымен Қазақстан аумағында өтеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет