"Алтын Орда" базарының маңындағы жол таяуда алты жолақты болады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "ҚазАвтоЖол" ҰҚ" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық компания өкілдерінің мәліметінше, қазір жоба жасалып жатыр, жобада Алматы - Бішкек автомобиль жолының аймағындағы Абай ауылы мен "Алтын Орда" базарының арасындағы жолды кеңейту қарастырылған. "Алматы шетінен үлкен Алматы айналма автомобиль жолын алты жолақты етуге арналған учаскелік құрылыстың жобалық-сметалық құжатын жасау жоспарланып отыр. Жалпы қашықтық 13 шақырым болады", - делінген хабарламада.
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының Алматы филиалының сапа бақылауы бөлімінің бас маманы Рысбек Жұмаділовтың айтуынша, жобалық-сметалық құжатты жасауға кем дегенде 6 ай қажет. "Әзірше біз жобаны жасау үшін Астанаға сауал жолдадық. Мақұлданса ЖСҚ жасаймыз. Тәжірибе бойынша бұған шамамен бір жыл қажет етіледі. Бұл учаскені алты жолақты етуге шамамен 30 ай қажет болады", - деді ол.
"ҚазАвтоЖол" маманы бұл жобаға қанша қаражаттың жұмсалатынын жобалық-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде анықталатынын айтты. "Бір шақырым учаскеге 400-ден 600 миллион теңгеге дейін қаражат жұмсалады", - деді Рысбек Жұмаділов.