- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Алтын Орда" базарының...
"Алтын Орда" базарының жұмысына қатысты екі жүзден аса арыз-шағым түскен
"Алтын Орда" базарының жұмысына қатысты екі жүзден аса арыз-шағым түскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шағымдардың негізгі көлемі базар әкімшілігінің әрекеттеріне және жалға алушылар мен саудагерлерден жалға алу орындарына қаражат жинауды бақылауға, базардың санитариялық жағдайына, бақылау таразылары мен кассалық аппараттардың жетіспеушілігіне, павильондарда желдету мен кондиционерлердің болмауына, жаяу жүргіншілер көпіріндегі заңсыз саудаға және т. б. байланысты түскен.
"Барлық келіп түскен өтініштерді СИМ Сауда комитеті қарастырады және әрқайсысы бойынша мобильдік топпен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізіледі, оның құрамына ҚМА, СИМ БҚДА, ҚМ МКК, ІІМ, ДСМ, ТЖМ, АШМ, Алматы облысы әкімдігінің өкілдері кірді", - делінген министрлік хабарламасында.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабековтың айтуынша, мобильді топ құрылған сәттен бастап қысқа уақыт ішінде базарды аралап, оның барысында жалға алушылар, саудагерлер, сатып алушылар тыңдалып, азық-түлік, көкөністер мен жемістердің бағасымен танысуға мүмкіндік туған.
"Мобильді топ келіп түскен шағымдарға жедел ден қою үшін құрылды және анықталған заңбұзушылықтар толық жойылғанға дейін жұмыс істейді. Қазірдің өзінде базар аумағында 15 қосымша бақылау таразысы орнатылды. Базар павильондарында бір ай ішінде 9 кондиционер орнатылады. Алтын орда базарының әкімшілігі анықталған басқа да кемшіліктерді жоюға тиіс. Ең алдымен, базардың аумағына кіре берістегі түсініксіз алымдарды/бопсалауларды алып тастауға мүмкіндік беретін "ақылды" шлагбаумдарды орнату қажет. Екіншіден, барлық қаражат касса арқылы қабылданатын болғандықтан, базардың өзінде заңсыз алымдарды жою қажет. Сонымен қатар, базар әкімшілігінің атына жүргізушілер аймағын жаяу жүргіншілерден бөлу мәселесін шешу, оның ішінде жаяу жүргіншілер өткелдерін ойластыру қажеттілігі туралы ұсыныс енгізілді. Сондай-ақ, базардың санитариялық жағдайын жақсарту бойынша ұсыныстар берілді. Санитариялық жұмыстар сауданың тоқтап қалмауы үшін бір ай бойы аймақтық түрде жүргізіледі", - деді Айдар Әбілдабеков.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова