"Алтын орда" базарының бұрынғы атқарушы директорына қатысты үкім шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы облысы Қарасай аудандық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, тергеу барысында Ермек Марқабаев аса ірі мөлшерде психотроптық затты заңсыз сақтап, тасымалдады деп айыпталды.
"Былтыр жазда "Алматы - Бішкек" автожолында полиция қызметкерлерімен автокөлік тоқтатылған, оның артқы жолаушылар орнында сотталушы Марқабаев болған. Жеке тінту кезінде сотталушы Марқабаевтан ұнтақ сақталған зат табылып тәркіленді. Сот-химиялық сараптаманың нәтижелері бойынша бұл зат психотропты зат болып шықты – салмағы 1,796 грамм болатын мефедрон (аса ірі мөлшерде)", - делінген сот таратқан хабарламада.
Прокурор Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігі бойынша күдікті Марқабаевты кінәлі деп тануды және оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Марқабаев кінәсін мойындамаған және айғақ беруден бас тартқан.
"Сотталушы Марқабаевтың кінәсі қылмыстық іс материалдарымен дәлелденіп, расталған, яғни оның ішінде: сотта зерттелген ұстау және жеке тінту бейнежазбасымен, психотроптық заттың сот-химиялық сараптама нәтижелерімен, алақанның жуылуын, қолдың тырнақ кесінділерін және құрамында психотроптық зат-мефедрон бар джинсы шалбар қалтасының кесіндісінен, сот – химиялық зерттеулермен дәлелденіп бекітілген", - делінген хабарламада.
Бұл қылмысты жасаған адамның кінәсі дәлелденсе, Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі бойынша 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.
"Сот үкімімен Марқабаев Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ", - деп хабарлады сот.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!