- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Алтын орда" базарының...
"Алтын орда" базарының әкімшілігі мен саудагерлері жаға жыртысты
Алматы облысында атышулы "Алтын орда" базарының әкімшілігі мен саудагерлері жаға жыртысты. Киім-кешек пен ұсақ-түйекті далада сататын әйелдер шатырды сүруге келген күзетшілерге тап беріп, қуып шыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Олар директор отыратын ғимаратттың алдына барып, ұзақ жылдан бері нәпақа тауып отырған орнын босатпайтынын айтып, талап қойды.
Саудагерлердің сөзінше, бұлай тулауына өткен түні базардың әкімшілігі далада тұрған шатырларды бұзып, бес саудагердің тауарын алып кетуі себеп болған. Киім-кешек пен ұсақ-түйек сатып нәпақа табатын жандар біреудің затын рұқсатсыз алу барып тұрған бассыздық екенін жеткізді.
"Мен бірінші болып осы жерге келдім. Осы жерде базар әкімшілігінен 20 адам бар екен. Содан халықты жинадық. Халық келгенде базар әкімшілігі халыққа қысым көрсетіп, қоқанлоққы көрсетіп, балаларды ұрып, қыздарды жұлқылап қол көтеріп жатыр. Бес адамның тауарын алып кетті. Әлі күнге дейін бермей тұр. Халық мына шатырды 45 мың теңгеге алған. Барлық шатырды сындырып, жинап тастаған", - дейді саудагер Гүлнәр Тұрлыбаева.
Бірнеше сағат күзетшілермен алысқан саудагерлердің алдына басшылықтан сол күйі ешкім шықпаған. Оның орнына сұхбатты баспасөз хатшысы берді. Оның атуынша, базардың кіреберісінде тұрған 27 шатыр заңсыз тұр. Сондықтан саудагерлерге байбалам салмай, ың-шыңсыз жерді босатуды сұрайды.
"Ол кісілерге хабарлама беріліп, қыркүйектен бастап жайма базарлар жойылады деп ескертілген. Олар ескертпені құлаққа аспады. Өздерің алып кетіңдер дегенге көнбеді. Енді біздің жерімізді босатсын. Олардың құқығын ешкім таптап отырған жоқ. Оларға еркіндік берілді. Бәріне бірдей павильонда орын бар делінді. Сол орынға тұр десе тұрмайды", - дейді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова