Астанада аргентиналықтың көзілдірігін ұрлаған екі жігіт ұсталды. Көзілдіріктің құны 2 мың АҚШ доллары тұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астана полиция департаментінің мәліметінше, елорда полицейлері 77 жастағы аргентиналыққа 2 мың АҚШ доллары тұратын брендтік, күннен қорғайтын Ray-Ban алтын жалатылған көзілдірікті жедел қайтарып берді.
"Ерлі-зайыптылар Азия қалаларын аралап, кейін Астанаға келген. Серуендеу кезінде ер адамдар оларға жақындап, суретке түсуді ұсынғаны анықталды. Дегенмен шетелдіктер бас тартқаннан кейін олардың бірі көзілдірікті киіп көруді өтінген. Осылайша олардың дәрменсіздігін пайдаланып, қашып кеткен", - деп жазылған хабарламада.
Астаналық полиция қызметкерлері облыста жедел іздестіру іс-шараларын өткізу барысында 28 жастағы екі ер адамды анықтады. Олар сол күні елорда тұрғындарынан тағы үш ұялы телефонды ұрлаған.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олардың елорда аумағында жасалған басқа да осындай қылмыстарға қатысы тексеріледі. Шетелдік қонақтар Астана полицейлеріне кәсібилігі, жеделдігі және көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!