Алтын дауыс: 94 жастағы Бибігүл Төлегенова референдумда болашаққа үн қатты

Аты аңызға айналған қазақстандық опера әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бибігүл Төлегенова атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдумға қатысты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бибігүл Ахметқызы дауысын үйінде берді. №559 сайлау учаскесінің өкілдері бюллетеньдерге арналған урнаны Бибігүл Ахметқызының тұрғылықты мекенжайына әкелді.

Әртіс бұл оқиғаның ел үшін маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, референдумға қатысу – әрбір азаматтың Қазақстанның болашағына деген жауапкершілігі.

"Мұндай шешімдер мұқият ойластыруды қажет етеді, өйткені олар елдегі қазіргі жағдайға ғана емес, келесі ұрпақтың болашағына да әсер етеді. Мен еліміз үшін осы маңызды мәселеге өз дауысымды қоса алатынымды мақтан тұтамын", – деп атап өтті Бибігүл Ахметқызы.

Суреттер: ӨКҚ

Опера әншісінің айтуынша, Қазақстан әлі де жас мемлекет және оны қолдау керек, еліміз үшін маңызды оқиғаларға қатысып, сол арқылы мемлекетіміз үшін дамудың ең жақсы жолын таңдау керек.

Еске салайық, 2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын салу мәселесі бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Қазақстан АЭС-ке қатысты референдумды өткізуге 15,5 миллиард теңге жұмсайтыны хабарланды.

Кейінірек Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қазақстанда АЭС салу бойынша өтетін референдумда бір ғана сұрақ қарастырылатынын айтты.

АЭС салу референдумы қалай өтеді?

Сондай-ақ Қазақстанда АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб құрылды.

АЭС бойынша референдум: бюллетеньде не жазылады?

Өңірлердің АЭС құрылысы бойынша референдумға дайындығы қандай?

Энергетика министрлігі өкілі Massaget.kz-ке берген сұхбатында Қазақстан АЭС құрылысын жүргізетін елге тәуелді болмайтынын мәлімдеді.

Дауыс беретін учаскені анықтауға арналған нұсқаулықпен мына жерден таныса аласыздар.

Айта кетейік, Қазақстан заңнамасына сәйкес, референдум – маңызды мәселелер бойынша жалпыхалықтық дауыс беру. Оны "Республикалық референдум туралы" Конституциялық заң реттейді, ал ұйымдастырумен арнайы құрылған комиссия айналысады.

Референдум бойынша дауыс беру бүгін, 6 қазанда сайлау учаскелерінде сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Бұл ретте 80-нен аса учаске өз жұмысын 06:00-де бастады. Республика бойынша дауыс беруге арналған 10 000-нан аса учаске бар. Шетелде Сеул мен Токиода учаскелер бірінші ашылды.

Жергілікті атқарушы органдар республика бойынша дауыс берушілердің тізіміне 12 миллион 244 мың 683 азаматты енгізді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!