Көкшетауда №2 мектеп-лицейдің төртінші сынып оқушылары Әділбекова Сабина, Көшеров Тамерлан және Мердәулет Сұлуханым сабақ аяқталғаннан кейін үйлеріне бара жатқан жолда көшеде үлкен сомадағы ақша, алтын бұйымдар және құжат салынған сөмкені тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі sinegor.kz парақшасына сілтеме жасап.
Балалар табылған затты облыстық полиция департаментінің ғимаратына апарып, полиция қызметкерлеріне тапсырды. Оқушылардың айтуынша, олар жолда жатқан сөмкені көріп, сыныптастарының бірінің анасына қоңырау шалған. Ата-анасы бірден сөмкені полицияға апаруға кеңес берген.
Ақмола облысы полиция департаментінің бастығы Нұрсұлтан Мұқашев оқушылар мен олардың ата-аналарына алғыс хат табыс етті.
"Біз ата-аналарға өз елінің нағыз және адал патриоттарын тәрбиелегені үшін Алғыс білдіреміз, балаларыңыздың үлкен жетістіктерге жетуін тілейміз. Оқушылардың сынып жетекшісі Хаметова Гүлжамал Нұрмұханқызына, тәрбие зав жөніндегі меңгеруші Абылханова Жанна Ибрагимқызына адалдық пен әдептілікке тәрбиелегені үшін ризашылығымызды білдіреміз", - деп атап өтті полиция департаментінің бастығы.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!