- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Алтын алқаны" аңсап,...
"Алтын алқаны" аңсап, "Күміс алқаны" күтіп жүргендерге айтарым, олардың пайдасы жоқ" - көпбалалы анамен сұхбат
Қазақстанда 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе күндізгі бөлімде оқитын студенттер 23 жасқа толғанға дейін бірге тұратын отбасы "көпбалалы отбасы" деп танылады. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы олардың кірісін есепке алмастан енгізілген болатын.
Елімізде "алтын алқаны" аңсап, "күміс алқаны" күтіп жүрген аналар өте көп. Оған қолы жеткендер де аз емес. Көпбалалы аналар бұл наградаларға тапсыру үшін қағасбастылыққа ұрынатынына шағымданады. Тіпті 7 баланың анасы, астана тұрғыны Намазбаева Қалипа алқалардың ешқандай да пайдасы жоғын айтады.
Осы орайда Massaget.kz порталының тілшісі көпбалалы аналармен тілдесіп, мән-жайды анықтауға тырысты.
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайын 6,4 АЕК (19 603) мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді
Суретте 7 баланың анасы Намазбаева Қалипа © жеке архив
"Алтын алқа", "Күміс алқа" деген аты болмаса оның пайдасын көрмедім"
Астана тұрғыны Намазбаева Қалипа 7 баланың анасы, "Алтын алқа" мен "Күміс алқа" да алған. Ол бұл наградалардың аты болмаса басқа ешқандай пайдасы жоғын айтады.
"Барлық құжатын жинап жүріп тапсырасың. Күшті нәрсе алатын сияқты сезімде жүресің. Алғасын мемлекет осы "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегері-ау деп ескермейді. Не мектеп, не балабақшадан көмек болған емес. Екі алқамды қалай алдым, солай кітапшасымен үйде тұр. Ешқандай көмегі тиген жоқ", - дейді ол.
Намазбаева Қалипа отбасымен бірге
7 бала менікі болғанымен олар болашақта Қазақстанға қызмет етеді
Намазбаева Қалипа көпбалалы отбасының анасына елімізде жеңілдік жоқ екенін айтады.
"Маған алқалардың түк қызығы жоқ. Кейде мен ұшақпен ұшарда өзімнің "Алтын алқа" иегері екенімді айтып, жеңілдік бар-жоғын білгім келеді. Ешқандай жеңілдік болған емес. Тек автобус тегін. Басқа көмек көріп тұрған жоқпын. Астанада көмек болмаса ауылдағылар туралы не айтуға болады", - дейді көпбалалы ана.
Ол балалары үшін, соларға сапалы білім беру үшін Астанада пәтер жалдап тұрады. Өзінің "Алтын" және "Күміс" алқасы бола тұра үй кезегіне тұра алмаған.
"Бас қалада жүргенімізге 10 жыл болды. Әлі үй кезегіне тұра алмадық. Балаларым 51-мектепте оқиды. Оларды ақылы қосымшаларға беремін. Бірі спортты, бірі ғылымды үйреніп жатыр. Жансая атты қызым 2021 жылы 16 қазанда каратэден Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды. Еңлік атты қызым химия-биология ғылыми жұмыстар бойынша 100 дарынды балалар ішіне кірді. Балаларым барлығы үлгілі оқиды. Бірақ оларды ақылы түрде оқытып, осындай дәрежеге жеткізіп жатырмын. 7 бала өзімдікі болғанымен, болашақта Қазақстанға қызмет ететін азаматтарды өсіріп жатырмыз", - дейді көп баланың анасы.
"Астанада осы балаларым үшін жүрмін, сапалы білім алсын деп отырмын. Ауылда жүрсем де болады. Үй табылады. Шамам келгенше барлығын үздік етуге тырысып жүрмін. Соған мемлекеттен ешқандай қолдау көрмеймін. Сондықтан ашынып айтамын. Тегін бермесін, тек жеңілдік берсе болар еді. Иә, құжатта көптеген жеңілдік жазылған. Бірақ оның ешқайсысын қолданбаймыз. Тек көлігіміз бар. Сол салықтан босатылды. Бірақ көпбалалы отбасылардың барлығында көлік бар деп ойлайсыз ба? Олардың көпшілігінде көлік жоқ.", - дейді ол. Расында да көпбалалы аналарға жасалынған жеңілдіктердің иглігін барша ана көре алып отырған жоқ.
Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар берілетін жеңілдіктер түрі:
• көлік құралдары бойынша салық ("Батыр ана" атағына ие болған немесе "Алтын алқа" не "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналар бір автокөлік құралы бойынша);
• тұрғын үй қоры иеленген жер учаскелері, оның ішінде ондағы құрылыстар мен ғимараттар бойынша салық ("Батыр ана" атағына ие болған немесе "Алтын алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналар);
• үй жанындағы жер учаскелері бойынша салық;
• жеке тұлғалардың мүлкі бойынша салық ("Батыр ана" атағына ие болған, "Алтын алқа" алқасымен наградталған көпбалалы аналар 1000-еселік мөлшердегі АЕК шегінде);
нотариалдық әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік баж салығы ("Батыр Ана" атағына ие болған, "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналар - барлық нотариаттық әрекеттер бойынша);
• зияткерлік меншік саласында уәкілетті мемлекеттік орган заңды маңызы бар әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік баж салығы сияқты бірқатар салықтар мен мемлекеттік баж төлеуден босатылған ("Батыр Ана" атағына ие болған, "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көп балалы аналар).
Суретте Гүлмира Аймағанбет © жеке архив
Құжаттарды жинау ұзақ уақытты алады
6 баланың анасы Гүлмира Аймағанбеттің айтуынша құжаттарды жинау процесі ұзақ уақытты алады.
"Балаларымның төртеуі мектепте оқиды, біреуі балабақшаға барады. Кенжесі енді бірге толды. Сондықтан мен "Күміс алқаға" тапсыру үшін жергілікті Сарыарқа ауданы әкімшілігіне бардым. Өзімнің құжаттарым мен туу туралы куәлігімді апарып едім, оны қабылдамады. Бірнеше тізімделген құжаттар өткізу керек екен. Құжаттар тізімін қарасаңыз ХҚКО-нан өзіңнен және балаларыңның атына сотталмағаны туралы анықтама алу керек екен. Бесіктен белі шықпай жатып ол періштелер қанда заң бұзсын?! Ол не үшін керек? Былайша айтқанда қағазбастылық", - дейді 6 баланың анасы.
Cуретте Исаева Әсия © жеке архив
Алматы облысының тұрғыны, 6 баланың анасы Исаева Әсия да "Күміс алқаға" әрең қол жеткізгенін айтады. Ол қағазбастылық кесірінен бір жыл уақытын өткізіп алған.
"Алғашында құжаттардың көшірмесін алып кел деп айтты. Отбасымның барлық мүшесінің құжатын түгел апардым. Содан "бұл жарамайды, жоғарыдан ұсыныс келіп жатыр, түрлі-түсті көшірмесін әкеліңіз" деді. Оны әкелдім. "Банктен шот әкеліңіз" деді. Оны алдық. Әкімдікке үш күн бойы жүрдім. Кезектен-кезек. Кезегің келгенде түскі ас уақыты болып қалады. Солай уақытында ала алмай жүріп қалдым", - дейді 6 баланың анасы Әсия.
Исаева Әсия "Күміс алқа" иегері атанғаннан ештеңе өзгермегенін айтады.
"Мен балаларға қарап үйде отырмын. Бар болғаны 18 мың теңге қосылды. Басқа ештеңе өзгерген жоқ. Ол ақша бір апталық азы-түлікке де жетпейді. Күйеуім құрылысшы. Қыста оған да жұмыс табылмай қалады. Қыстай алатын көміріміз, тамағымыз бар. Әкімдіктен ешқандай қолдау жоқ", - дейді ол.
"Алтын алқа" және "Күміс алқаны" қалай алады?
Бірнеше көпбалалы ананың шағымын тыңдап көрдік. Интернеттегі ашық дереккөз бойынша "Алтын алқа" және "Күміс алқа" алу үшін мынадай құжаттар тізімі керек:
Көп балалы ана қандай жағдайда осы наградаларды алуға құқылы?
"Алтын алқа" жеті және одан да көп бала туған (асырап алған) және тәрбиелеген көпбалалы аналарға ("Күміс алқа алты бойынша балаға) беріледі. Мемлекеттік сыйлықты алудың басты шарты – кейінгі баланың бір жасқа толуы және барлық балалардың тірі болуы. Балалардың бірі әскери немесе азаматтық борышын өтеу кезінде қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен жағдайда жағдай ескеріледі.
Одан бөлек:
- көпбалалы ананың жеке куәлігінің көшірмесі;
- 1 немесе 2-дәрежелі Кеңес Одағының "Батыр ана" немесе "Ана даңқы" ордендерімен наградтау кезінде көпбалалы анаға бұрын берілген "Батыр ана" ордендер кітапшасының көшірмесі;
- барлық балалардың туу туралы куәліктерінің немесе жеке куәліктерінің көшірмелері;
- ХҚКО-нан алынған сотталмағаны туралы анасы мен кәмелетке толған балалардың анықтамалары;
- зейнетақы кітапшасының көшірмесі (бар болса);
- неке туралы куәліктің көшірмесі;
- әрбір баланың тұрған жері туралы анықтама (мектептен, университеттен, жұмыстан);
- егер қыз баланың тегі ауысқан болса, неке туралы куәлігі.