Танымал саясаткер әрі қоғам қайраткері Бақыт Түменова өмірден өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаралы хабарды Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи жеткізді.
"Бақыт Түменова қайтыс болды деген хабар жетті! Жаратқан алдынан жарылқасын! Иманың саламат болсын, алтын адам! Жарқын бейнеңіз жүрегіміздің соңғы соғысына дейін сақталады!" - деді ол.
Айта кетейік, Бақыт Түменова 1948 жылы Қызылордада дүниеге келген. 1972 жылы Семей мемлекеттік медицина институтын педиатрия мамандығы бойынша тәмамдаған.
Семейдегі балалар жұқпалы аурулар ауруханасында дәрігер болып жұмыс істеген, облыстық денсаулық сақтау жүйесінде басшылық қызметтер атқарған. Сондай-ақ, 90-жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында Бақыт Түменова Семей облыстық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болды, кейін Павлодар облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
Мемлекеттік қызметтен кейін саяси және қоғамдық қызметпен айналысты. Бірқатар саяси партияның басшылық құрамына кірді.
2007 жылдан бастап өмірінің соңына дейін "Аман-саулық" қоғамдық қорының президенті болды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова