Түркістан облысы Созақ ауданында қымыран сатып, миллионер атанған қария тұрады. Үш жүз түйеден айына үш миллион теңге табыс табатын ақсақалдың жасы бүгінде алпысты алқымдаған. Әйтсе де әлі күнге түйені өзі сауып, өріске де өзі жаяды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Turkistan TV-ға сілтеме жасап.
Әзімхан Қалмұратов ойсыл қара тұқымын өсірумен айналысып келе жатқанына қырық жылдан асқан. Ол алғашында 5-10 түйеден бастаған, ал мал басы бүгінде 300-ден асып, тұтас бір шаруашылыққа айналған. Оның сөзінше, пандемия кезінде табиғи өнімге сұраныс тіпті артқан.
"Әсіресе, короновирус асқынып тұрған уақытта қымыранға деген сұраныс қатты өсті және төсек тартып жатып қалған қанша адам шұбат ішіп, басын көтерді", - дейді ол.
Әзімхан Қалмұратов түйе шаруашылығының арқасында ел қатарлы өмір сүріп отырғанын жеткізді. Тіпті алты баласына алты үй алып берген.
"Осының арқасында балаларымның бәрін аяқтандырдым, шүкір. "Қимылдасаң, қыр асасың" деп түйенің тізгінін ұстадық. Бұл істің де өзіндік қыр-сыры бар. Жазда қалай жайылады, қыста қалай жайылады, жемшөп беру керек - соның бәрін біліп, күтіп-баптауың керек. Есебі бар адам ғана малдың бір басын екеу қылады, есебі жоқ адам шиедей қарыз болады", - дейді қарт.
"Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің" деген сөз қазір жай мақал боп қалса керек. Өйткені Әзімхан Қалмұратов бүгінде түйе етіне деген сұраныс төмен екенін айтады. Әйтсе де сүтін сатып, айына үш миллион теңге табатын қария осының арқасында алты баласына 6 үй алып бергенін жасырмады. Қала берді былтыр бір жылғы табысын жинап, қажылыққа да барып-қайтқан.
Сондай-ақ, Қалмұратовтар бүгінде айына 1,5 тоннадай сүт сауып, бүкіл Созақ өңірін қамтамасыз етіп отыр.
Мерей Матай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!