Такси жүргізушісі Ділмұрат Пірмахамадов 19 шілде күні Шымкент-Алматы бағытына жол жүріп, көлікке екі бозбаланы отырғызған. Алайда ақшаны діттеген жерге жеткеннен кейін береміз деген балалар ер азаматқа пышақ сұғып, көлігін ұрлап әкеткен. Ділмұрат Пірмахамадовтың әйелі "Көреміз" бағдарламасына келіп, оқиғаның мән-жайын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Марқұм такси жүргізушісінің жұбайының айтуынша, бес баланың әкесі нәпақа табу үшін екі бозбаланы Шымкенттен Алматыға апарған.
"Жолдасымның жасы 40-та еді. Бес баламыз бар, кенжеміз 2-де. 19 шілдеде 15 және 16 жастағы балаларды жолдасым алып кеткен. 40 мың теңгеге келіскен. Күндізгі 9:30-да хабарласып, Шымкенттен шыққанын айтты. Кешкі уақытта 10-дар шамасында сенің үйіңнен қыздарың хабарласып жатырғанын айтты. Қыздарыма телефон соқтым. "Алматыдан бір тәте хабарласып, сізді сұрады, әкенің телефоны өшіп жатыр" деді. Жұмыстан бір сағат ерте шығып, үйге келдім. Телефонмен хабарлассам, тергеуші алды. "Сіздің күйеуіңізді осындай жерде пышақтап кетіпті, ес-түссіх аураханада жатыр, тез жетіңіз" деді. Күйеуімнің бөлесімен хабарласып, сағат 12-де жолға шығып кеттік. 9-да ауруханаға бардық, мен кірген кезде жан тапсырды", - деді ол.
Жанат Пірмахамадова бұл қылмыс алдын ала ұйымдастырылғанын айтты.
"Олар алдын ала ұйымдастырған. Бірінші 16 жастағы Ерасыл пышақтаған, 15 жастағы Есіл содан кейін пышақ сұққан. Бұлар бір апта бұрын Шымкентке дос баласының үйіне келген. Өздері алматылық жігіттер. Мақсаты жол ақысын төлемей, телефонын, көлігін ұрлап алып кету болған. Солай істеген. Күйеуімнің қанша жыл ол жерде жатқаны да белгісіз", - деді ол.
Ерасылдың ата-анасы балаларының Шымкентке барғанын білмеген.
"Алматыда оқуда болды. Шымкентке барғанын білмедік. Нағашы әжесімен Алматыда тұрды. Бізге өтірік айтқан болып тұр. Үш күн бойы жоғалып кеткен. Нағашы әжесі бізге хабарласып, "телефоны өшіп тұр, хабарлассаңдаршы" деді. Сосын достарына хабарластым. Есілмен бірге жүргенін білдім. Олардың таныстығына көп уақыт болмаған. Бұл хабарды тергеушіден естідік. Аң-таң болып қалдық. Тергеуде ұлым "Мама, мен өлтірмедім, Есіл құлағыма "қайткен күнде де сені бірге алып кетемін" деп айтты" деді. Ұлыма сенемін", - деді Ерасылдың ата-анасы.
Қазіргі таңда аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынған. Тергеу аяқталып, іс материалдары сотқа жөнелтілген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!