- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алты немесе жеті:...
Алты немесе жеті: баланы мектепке қай жастан бастап берген дұрыс?
2019 жылдан бастап Қазақстанда "Білім туралы" заңға түзетулер енгізілді. Оған сәйкес алты жасқа толған балалар мектепке бара алады. Сонымен қатар, егер бала бес жаста болса және желтоқсан айының соңына дейін алты жасқа толатын болса, білім беру мекемелері оны бірінші сыныпқа қабылдай алады. Жыл сайын оқу жылы басталар алдында ата-аналарды жиі мазалайтын сұрақтың бірі - баланы бірінші сыныпқа алты немесе жеті жаста берген дұрыс па? Tengri Life бұл сұрақтарды мұғалімдер мен психологтарға қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қырық жылға жуық тәжірибесі бар бастауыш сынып мұғалімі Людмила Кургумбаеваның айтуынша, мектепке алты жасында келген балалармен жұмыс істеу әлдеқайда жеңіл әрі қызықты.
"Бұрын балалар жеті жасынан бастап мектепке қабылданды, бірақ заң өзгергеннен кейін маған сыныпқа бес жасар балалар, яғни бес жарым және одан сәл үлкен балалар келе бастады. Бұл саладағы тәжірибеме сүйене отырып, мен алты жасқа толған балалар жеті жастағы балаларға қарағанда шыдамды және икемді болады деген қорытындыға келдім", - дейді мұғалім.
Людмила Кургумбаева қазір барлық балалардың балабақшаларға баратынын және онда олар белгілі бір білім мен дағдылар базасын алатынын айтты.
"Жеке өзім алты жасар баланы алуға тырысамын. Әрине ата-аналар "Ол бізде әлі ештеңе білмейді, оқи да, жаза да алмайды. Ол қалай үйренеді? Бұл жүйкені тоздырады" деп уайымдайды. Мен "уайымдамаңыз, бізде алда бір жыл бар, ал бір жыл ішінде біз бәрін үйренеміз" деп тыныштандырамын. Біз бірінші сыныпты бітірген кезде балалар оқи да, жаза да алады", - дейді мұғалім.
Алты жастағы балалардың есте сақтау қабілеті анағұрлым жоғары, дейді Кургумбаева. Олар қызықты сөздік қорына ие және жеті жасар балаларға қарағанда білгендерінің бәрімен бөлісуге тырысады.
"Ал үлкен балалар көптеген мәселелерге саналы түрде қарайды, оларды "ояту" қиынырақ. Бір жыл ғана айырмашылық бар сияқты, бірақ ол қатты байқалады. Әрине, көптеген психологтар балаларды алты жасынан бастап мектепке жіберуді құптамайды, өйткені олар психологиялық тұрғыдан дайын емес және дайындықты қажет етеді. Иә, мектепке шынымен дайын емес балалар бар: олар еркелейді, жылайды және бейімделу үшін оларға бірнеше ай қажет болуы мүмкін. Алайда мұндай балалар аз", - деді Людмила Кургумбаева.
Балалар психологы және мектепке дейінгі мекеменің басшысы Айнұр Дүйсен, керісінше, мектепті бастау үшін ең қолайлы жас - жеті жас деп санайды.
"Егер ата-аналар баланы мектепке беру керек пе деп күмәнданса, осы үш аспектіге назар аудару керек. Мен ата-аналарға балаларды мектепке алты жастан бастап бермеңіздер демеймін, мұнда бәрі жеке. Алайда, халықаралық зерттеулер баланың психологиялық фоны, оның ойлауы және дұрыс жазуына жауап беретін ми аймағы жеті жасқа дейін толық қалыптасатынын растайды", - деп атап өтті Айнұр Дүйсен.
Ол баланың мектепке жетілгендігін білдіретін аспектілерді тізді.
- Интеллектуалды жетілуге ойлау, сөйлеу, зейін қою, есте сақтау және ұсақ моториканы дамыту жатады. Бала 10-15 минуттан артық зейінін шоғырландыра білуі, жаза білуі, санай білуі, оқи білуі, сондай-ақ нұсқауларды түсінуі және есте сақтауы керек. Сөйлеуінің анықтығына және жасына сәйкес сөздік қорына назар аудару маңызды.
- Эмоционалды жетілуге импульсивті реакциялардың азаюы және ұзақ тапсырмаларды орындау қабілеті жатады. Бала жағымсыз эмоциялармен күресуге қабілетті болуы керек: мысалы, ойында жеңіліп қалу.
- Әлеуметтік жетілу ересектермен және құрдастарымен қарым-қатынас дағдыларын, оқуға деген ынтаны қамтиды. Бала тәрбиешілер мен жақын ересектер арасындағы айырмашылықты түсініп, қашықтықты сақтап, оқушының ережелері мен рөлін құрметтеуі керек. Бала мектепке дейінгі мекемелерге барған болса, бұл оның мектепке үйрену процесін жеңілдетеді.
Балалар психологы өз тәжірибесімен бөлісті: оның баласы алты жасында мектепке барған.
"Менің қызым алты жасында оқи және жаза білді. Мен оның балабақшада іші пысады, мектепке бейімделу оңай болады деп ойладым. Бірақ ол таңертең 9:00-де балабақшаға келіп жүргендіктен, таңғы 7:45-те мектепке тұруға дайын емес болып шықты. Еркелік пен қарсылық басталды. Айтпақшы, бірінші сынып оқушыларының көптеген ата-аналары сабақтың ерте басталуына байланысты қиындықтарға тап болады", - деп бөлісті Дүйсен.
Оқи отырыңыз: Бірінші сынып оқушысы тап болатын 5 жағдай
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жапатова