- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Алты жыл айдадым"....
"Алты жыл айдадым". Қызылордалық күрішші ауыр техника жүргізген жылдардын еске алды
40 жылдық тәжірибесі бар қызылордалық күрішші Гүлсім Дәрібаева 6 жыл трактор айдаған кезін еске алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгінде ол - Шиелі ауданы Ақмая ауылындағы "Ақмая" шаруа қожалығының бригадирі. Ауыл шаруашылығы саласында табан аудармастан талай жыл еткен еңбегі елеусіз емес. "Ерен еңбегі үшін" медалінің, "Еңбек даңқы" орденінің иегері.
"Біздің буынның қыздары аты аңызға бергісіз Жадыра Таспамбетоваға қарап бой түзедік. Ол кісінің аяғы абайсызда комбайн бункерінің шнегіне ілініп кетіп, мүгедек боп қалғанын бәрі біледі. Сонда да протез аяқпен трактор руліне қайтадан отырған. Ол кісінің қайсарлығы қатты таңғалдырды. Бір ауылдан үш қыз Жадыра апаның ізін жалғадық. Ол кезде 19-дамын. Тракторды ең ұзақ тізгіндеген – мен", - деді кейіпкеріміз.
Гүлсім Дәрібаева күріш егудің оңай емес, оның күтімі ерекше екенін айтты.
"Мен ауылдық депутат болдым. Бірде басшымыз ауданға депутат болуды ұсынды. Егістік уақыты еді. "Күрішті сеуіп болмай, ешқайда бармаймын" дедім. Өйткені бір дән кем ексең де өнім аз болады. Жаңа туған бала сияқты күрішті де қырқынан шығарасың. Күнде қадағалап отырмасаң болмайды. 40 күннен кейін ғана жұмысың сәл жеңілдейді", - деді ол.
Кейіпкеріміз – 13 ағайынды. Әкесі 2 жыл бұрын 96 жасында өмірден өтті. Әкесі де, анасы да бейнетқор, шаруа адамдар болған. Еңбекке жақындық осы кісілерден дарыса керек.
"Бір күні сол кездегі колхоз директоры шақырып алды. "Қыз баланың солярка сасып жүргені дұрыс емес, одан агроном-есепші бол" деді. Ұсынысын қабылдамадым. Ауыр техникаға есім кеткені сонша, курорттан ерте қайтқандарға "менің тракторымды көре салшы" дейтінмін", - деді күрішші.
Гүлсім Дәрібаева трактордан қол үзгелі көп жыл. Бірақ оған далада, егістік басында жұмыс істеген ұнайды. Демалысы ұзап кетсе, ауырып қалады екен.
"20 жылдан бері жеңіл көлік те жүргізіп келемін. Шаруашылық басшысы "Озат бригадир" номинациясы бойынша жеңіл көлік табыстаған еді. Қазір соны жүргізіп жүрмін", - деді ол.
Жуырда Президент Сыр еліне сапарында еңбек адамдарымен кездесті. Солардың қатарында шиелілік күрішші де бар. Мемлекет басшысымен кездесуді өзі үлкен мәртебе, ұзақ жыл бойғы еңбегінің бағаланғаны деп есептейді.
Назерке Саниязова
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы