Қызылордада денсаулығы күрт нашарлаған алты жасар қыз бала шұғыл түрде Алматыға жеткізілді. Баланың жағдайы өте қиын болғандықтан, оны тасымалдау үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы ұшағы жұмылдырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кішкентай науқасқа жоғары мамандандырылған медициналық көмек қажет болған. Жергілікті дәрігерлер консилиум өткізіп, баланы Алматыдағы бейінді медициналық мекемелердің біріне ауыстыру туралы шешім қабылдады.
Санитарлық авиация желісі бойынша ұйымдастырылған рейсте баланы анасы мен білікті дәрігерлер тобы ертіп жүрді.
ТЖМ экипажы мен медицина мамандарының үйлесімді жұмысының арқасында ұзақ жол ешқандай асқынусыз, штаттық режимде өтті.
ТЖМ ұшағы Алматы әуежайына сәтті қонды. Ол жерде бүлдіршінді жедел жәрдем бригадасы күтіп алып, дереу ауруханаға жеткізді.
"Бала мамандардың бақылауымен одан әрі тексеруден өтіп, тиісті ем-дом қабылдау үшін жедел жәрдем бригадасына тапсырылды", - деп хабарлады ТЖМ өкілдері.
Қазір бүлдіршін алматылық дәрігерлердің жіті бақылауында. Санитарлық авиацияның мұндай жедел әрекеті адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқаратынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz