Маңғыстау облысында Қарақия аудандық сотында бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз тасымалдаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сотта айыпталушы қыркүйекте Өмірзақ ауылында жалпы 19 келі болатын бекіре тұқымдас 8 балық сатып алып, "Нива" автокөлігімен заңсыз тасығаны анықталды.
"Айыпталушы сот отырысында кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтып, кешірім сұрап, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Прокурор айыпталушыны 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Қорғаушы сотталушының кінәсін мойындауы мен өкінуін, сондай-ақ оның кәмелетке толмаған балалары барын ескере отырып, сотталушының жазасын жеңілдетуді сұрады", - дейді сот өкілдері.
Сот сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жаймен оның кінәсін толық мойындауын, шынайы өкінуін, алты кәмелетке толмаған баласының болуын ескерген.
"Сот үкімімен сотталушы ҚР ҚК 339-бабы 2-бөлігінің 5-тармағында көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі төнген түрлеріне байланысты, сондай-ақ үш жыл мерзімге пайдалануға тыйым салынған қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, мүлкін тәркілемей, үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ", - деп атап өтті соттың баспасөз қызметі өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!