Бүгін Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков бір отбасының алты баласын ажалдан арашалаған Марина Гафарованың шаңырағында болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маринаның көзсіз ерлігінің арқасында кәмелет жасына толмаған алты бала өрттен аман қалып, қаһармандығына ел тәнті болған еді. Қала әкімі қауіп-қатерге қарамастан өзгенің өмірін құтқарған ерлігіне алғысын жеткізіп, Марина Гафароваға баспана жағынан қолдау көрсетуге уәде берді.
Жақын арада шымкенттік батыр келіншекке демеушілердің көмегімен жаңадан салынып жатқан тұрғын үйден төрт бөлмелі пәтердің кілті табысталады.
Еске салайық, оқиға 16 желтоқсанға қараған түні сағат 01:57-де Қайнарбұлақ саяжайы, Ореховая көшесі №58 мекен жайында орналасқан тұрғын үйде болған. Марина түн ортасында көрші үйден шыққан қызыл жалынды байқап, өз өміріне қауіп төніп тұрса да, терезені сындырып, балаларды қою түтіннің арасынан аман алып шыққан.
Ал көпбалалы ана Марина Гафарованың бұл еңбегі ескеріліп, ерлігі мен батылдығы үшін Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан наградтауға да ұсынылған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!